Мектеп түлектерінің жетістігі

Мектебімізден түлеп ұшқан түлектердің дені түрлі университеттердің мемлекеттік гранттарына ие болды. Олардың арасында отандық және шетелдің маңдайалды оқу орындары бар.

– Биыл білім ошағымыздан 70 түлегіміз үлкен өмірге қанат қаққан еді. Солардың 66-ы жоғары оқу орындарында тегін білім алу құқына ие болып, ата-аналарынан бөлек бізді де қуантып отыр. 9 шәкіртіміз шетелдік оқу орындарының грантын жеңіп алды. Осы ретте ұстаздар еңбегінің де бар екенін айта кеткеніміз жөн. Шәкірттеріміз техникалық, медициналық, жаратылыстану-ғылыми, экономикалық мамандықтарды таңдады, -дейді мектеп директоры Наркен Буркенов.

Түлектеріміздің таңдауы еліміз бойынша Назарбаев университеті, Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты (КИМЭП), Астана IT университеті, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті, Қазақ-Британ техникалық университеті, Сүлеймен Демирел атындағы университет, С.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медициналық университеті, Семей қаласындағы медицина университеті, М.Нәрікбаев атындағы қазақ гуманитарлық-заң университеті, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне түсті.

Ал шетелдік оқу орындарын таңдағандар Венгрия, Италия, АҚШ, ҚХР, Голландия, Гонконг, Катар, Түркия, Чехия мемлекеттеріндегі университеттерде білім алмақшы.

Мектебіміздің кәсіби бағдар беру кеңесшісі Мәди Измаилов өз кезегінде түлектерге оқу орнын таңдау ісінде білім ошағы тарапынан қажетті көмектің көрсетілгенін, алдағы уақытта да түлектерімізбен байланыс үзілмейтіндігін атап өтті.