Жолың болсын, жас түлек!

Бүгін Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде соңғы қоңырау салтанаты өтті. Биыл білім ошағымыздың қабырғасынан 70 түлек түлеп ұшады. Олардың арасынан «Алтын белгіге» – 7, «Үздік аттестатқа» 8 шәкіртіміз үміткер атанып отыр.


Соңғы қоңырау салтанаты сәтінде сөз алған мектеп директоры Бағдан Қайыржанов түлектерге сәт-сапар тілей отырып, олардың арасынан қазірдің өзінде шетелдік және отандық жоғары оқу орындарының студенттері атанғандары бар екенін сүйіншілеп жеткізді.


– Бүгінгі күнге дейінгі нақты ақпаратқа сүйене отырып, 14 түлегіміздің шетелдік маңдайалды оқу орындарына түскенін қуанышпен айтқым келеді. Ал, Назарбаев Университетіне 48 оқушымыз шақырту алды. Биылғы оқу жылын 95 пайыздық сапамен аяқтап отырмыз,-дейді мектеп директоры.


Шарада сөз алған түлектер ұстаздарға деген ыстық ықыласын жеткізсе, ата-аналар қауымы жас түлектерге ақжол тіледі.