Семейлік зияткер оқушылар экологиялық жобаға авторлық құқық алды

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары кезекті ғылыми туынды үшін авторлық құқыққа ие болды. «Ұлулар-қоршаған ортаның ластануының биоиндикаторы ретінде» тақырыбындағы жобалары арқылы шәкірттеріміз Аружан Абаева мен Назым Мұратқанова экология, соның ішінде топырақтың ластануы оның тіршілік иелеріне әсері жайлы зерттеу жұмыстарын жүргізді. 2 жылға жуық уақыт жұмсалған зерттеу нысаны ретінде – өте ірі өнеркәсіптер орналасқан Өскемен қаласының топырағы алынды.


– Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау ұйымы берген мәліметтерге сәйкес, адам денсаулығының 20%-ы қоршаған орта жағдайларына байланысты. Соның ішінде топырақтың адам өмірінде алатын рөлі ерекше. Күнделікті тұтынатын түрлі көкеніс, жеміс-жидек осы топырақ арқылы өсіріледі. Біз өз зерттеуімізге Achatina Fuliсa ұлуын пайдаландық. Себебі былқылдақ денелілердің бұл түрі зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында қауіпсіз. Оларды тамақтандыру, белгілі бір орнына орналастыру аса қиындық соқтыртпайды. Зертханалық жағдайларға бейімделу үшін ұлулар қиярдың тек бір сортымен тамақтандырылды, -дейді жас зерттеуші Аружан Абаева.


Зерттеу барысы бірнеше кезеңді қамтыған. Алдымен таңдалған субстраттағы ауыр металдар мен макроэлементтерді айқындау үшін масс-спектрометриялық талдауға жіберген қыздарымыз биоиндикаторлардың зертханалық жағдайға бейімделуі мақсатында 2 апталық жұмыстар жүргізді.
Одан әрі оларды топыраққа орналастырып, белгілі-бір интервал аралығында ағзаларындағы ауыр металдардың, макроэлементтердің жинақталу динамикасын зерттеді. Сонымен қатар, статистикалық өңдеу жұмыстарын жүргізу және зерттеу нәтижелерін интерпретациялады.


– Әдетте бізге «Егер топырақ улы болса, бала қалай жұмыс жасаған?» деген сауал жиі қойылады. Біз зерттеу жұмысын бастамас бұрын топырақты Курчатов қаласында зерттеу орталығына жіберіп тексерістен өткіздік. Тексеруші мекеме топырақтың құрамындағы улы заттардың дозалық мөлшері қалыпты жағдайда екенін анықтап берді. Демек, жұмыс тиісті мамандардың қорытындысынан кейін басталды, -дейді екінші шәкіртіміз Назым Мұратқанова.


Жас ғалымдардың ұзақ жылғы ізденістеріне мектебіміздің биология пәнінің ұстаздары, биология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Айнұр Қыдырмолдина мен Ләззат Оберкуловалар жетекшілік жасаған.


Зерттеу нәтижесінде ауыр металдар мен макроэлементтердің ұлулардың ағзасында жинақталуы уақытқа байланысты тәуелді болатыны дәлелденді. Макроэлемент пен ауыр металдар мөлшері бір ай уақыт арасында бір-біріне пропорционалды өзгеріске ұшырап отырады, егер ауыр металдар мөлшері артса, сәйкесінше макроэлементтердің де мөлшері артады. Алынған зерттеу нәтижелері эколог, биолог және қоршаған орта мәселелері қызықтыратын ғалымдар үшін іргелі зерттеу болып табылады.


Шәкірттеріміздің аталмыш зерттеу жобасы ғылыми туынды ретінде Авторлық құқық куәлігін алып қана қоймай, «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған «Биология» пәні бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсынан да жүлделі орын иеленгенін атап өткеніміз абзал.