Жүзден жүйрік шықты

Жуырда еліміздің Астана және Алматы қалаларында Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушылары арасында жалпы білім беретін пәндерден желілік ғылыми жобалар конкурсы ұйымдастырылды. Аталған жобалар сайысына семейлік зияткерлер де қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, шәкірттеріміздің әзірлеген 3 жобасы І орын, 3 жобасы ІІ орын, 3 жобасы ІІІ орынға лайық деп танылды.

– Желілік ғылыми жобалар сайысы шәкірттеріміздің ерекше қызығушылықпен үлкен дайындықпен қатысатын білім бәсекелерінің бірі. Желілік сайысқа қатысушылардың өзі іріктеліп, мектепішілік сайыста жеңіске жеткендердің арасынан таңдалды. Өз жаңалықтарымен өзгелерден озық шыққан 15 жоба мектеп намысын жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша қорғады. Сайыс қорытындысы бойынша 9 жобамыз жүлдегер атанып, мерейімізді өсірді. Осы жеңістердің арғы жағында шәкірттерімізге дұрыс бағыт-бағдар берген ұстаздарымыздың да еңбегі жатқанын айта кетуім керек, -дейді Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Наркен Буркенов.

Желілік жобаның жеңімпазы болып мектебіміздің Айя Нұрғазина, Гүлім Сүлеймен, Самира Серікқазина, Жандос Нұрекенов, Қайырхан Слямхан есімді оқушылары танылса, Батырбек Қабидолла, Аружан Мұратова, Нұрай Тұрсұнова, Балжан Ахметовалар ІІ орынды, Мирас Айтбек, Даниял Молдыбеков, Мұхаммед Баяндин, Бекболат Қалысбеков, Назым Мұратқанова, Аружан Абаевалар ІІІ орынды жеңіп алды.

Жүлдегер жеткіншектеріміз тіл білімі, әдебиет, биология, химия, өлкетану,шығармашылық, Жер және ғарыш туралы ғылымдар секцияларында үздік шықты.