Жолың болсын, жас түлек!

Мектебімізде соңғы қоңырау салтанаты өтті. Биыл білім ошағымыздың қабырғасынан 130 түлек түлеп ұшады. Олардың арасынан «Алтын белгіге» – 8, «Үздік аттестатқа» 9 шәкіртіміз үміткер атанып отыр. Бұдан бөлек, 2021-2022 оқу жылын 100-ге жуық оқушымыз үздік аяқтап отыр.


Соңғы қоңырау салтанаты сәтінде сөз алған мектеп директоры Бағдан Қайыржанов түлектерге сәт-сапар тілей отырып, олардың арасынан қазірдің өзінде шетелдік және отандық жоғары оқу орындарының студенттері атанғандары бар екенін сүйіншілеп жеткізді.


– Бүгінгі күнге дейінгі нақты ақпаратқа сүйене отырып, 16 түлегіміздің шетелдік маңдайалды оқу орындарына түскенін қуанышпен айтқым келеді. Атап айтқанда, Шыр-мауық ли¬гасына («Лига плюща») мүше АҚШ-тың Пенсильвания, Гонконгтың Линнань, Education University of Hong Kong, Жапонияның Kyoto University of Advanced Science, Италияның Ca’Fosari University, Cassini University, Испанияның Хаен, Венгрияның Дебрецен, Будапешт ғылым және технология, ELTE және Печ, Дунауйварош сынды айтулы университеттер біздің шәкірттерімізді өз қатарларына қабылдады. Ал, Назарбаев Университетінің даярлық мектебіне 30 түлегіміз түсті. Алдағы уақытта бұл цифрлар өзгеретініне сенімдіміз, -дейді мектеп директоры.


Шарада сөз алған түлектер ұстаздарға деген ыстық ықыласын жеткізсе, ата-аналар қауымы жас түлектерге ақжол тіледі.