«Жастықтың оты жалындап» жас ақындармен кездесу

Мектебімізге бір топ ақындар келді. «Замандастар жырлайды» желілік жобасының қонағы болған Қазақстан Жазушылар Одағының Семей өңірі филиалының төрағасы, “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, “Есімің сенің”, “Қарашықтағы құбылыстар” жыр жинақтарының авторы Мерей Қарт бастаған Әлішер Қыдырбек, Темірлан Темірбай, Ерболсын Қасымбек сынды жергілікті ақындармен өткен кездесу рухани білімге толы болды. Поэзия, ақындық өнер, бүгінгі қазақ әдебиеті жайлы орамды ой, түйіні терең философиялық сөздер айтылған кеш мектеп оқушыларына қатты ұнады.


– Зияткерлік мектептің шақыртуын қуанышпен қабылдадық. Бұл білім ошағы шәкірттерінің жан-жақтылығы қызықтырады. Соның ішінде әдебиетке қырын қарамайтыны қуантады. Бүгінгі кездесу барысында олардың арасынан жас ақындар шығып, өз шығармаларын оқып таңғалдырды. Ал біз әдебиеттің адам өмірінде алар орны жайлы білгенімізбен бөлістік. Рухани кеш – жас толқынның өміріне азда болсын азық болардай әсер қалдырғанына сенімдімін, – дейді Мерей Қарт.


Кездесуге мектеп әкімшілігі, ұстаздар, оқушылар қатысты. Шара барысында ақындарға түрлі сұрақтар қойылып, ойындар ойналды. Поэзияға жаны құмар бір топ оқушы қонақ ақындардың өлеңдерін жатқа оқыды. Соның ішінде орыс сыныптарында білім алатын өзге ұлт өкілдерінің өлең оқулары кімді болмасын тамсандырмай қоймады. Тағылымы мол шараның соңында Мерей Қарт өзінің “Қарашықтағы құбылыстар” өлеңдер жинағын ізбасар іні-қарындастары Шыңғыс Тоқанов пен Айым Ережепбаевға тарту етсе, шәкірттер қолынан шыққан қолөнер бұйымын мектеп директоры Бағдан Қайыржанов ақындарға естелік ретінде сыйлады.