«Спорт – болашақтың серігі» спорттық- эстафеталық сайысы

Елбасы Н.Ә.Назарбаев еліміздегі әрбір жастың арқасүйер, пір тұтар тұлғасы. Президентіміздің азаматтық бейнесіне қарап, «бізде сол кісідей болсақ қой» деген арман алға жетелейді. Ол кісінің бойында ел ертеңі жастар еліктейтін ізгі қасиеттер жетерлік. Соның бірі Ұлт Көшбасшысының спорт саласына да қызығушылығы жоғары екенін жақсы білеміз.
Сегіз қырлы, бір сырлы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың үнемі айтатын салауатты өмір салтын насихаттауға қолдау білдіру мақсатында 1 желтоқсан Тұңғыш Елбасы күніне орай мектебімізде спорттық –эстафеталық сайыс өтті. «Спорт – болашақтың серігі» атты сайыстың алға қойған негізгі мақсаты – оқушылардың адамгершілік, күш, ерік-жігер қасиеттерін денсаулық құндылығы арқылы дамыту.
Сайыстың басты ерекшелігі – оған 8 сынып оқушылары ғана емес, олардың ата-аналары да қатысты. Сайыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылардың техникалық қауіпсіздік ережелеріне мән берілді. Керекті жабдықтар мен спорт құралдары тексеріліп, оқушылардың спорттық киіміне, сайысқа толық қатысуына назар аударылды. Сайыс жүргізушілері 8 «С» сыныбының оқушысы Санжар Балтабеков пен 8 «В» сыныбының оқушысы Аружан Тоқанова Елбасының: «Салауатты өмір салты мен адамның өз денсаулығы үшін ынтымақты жауапкершілік қағидаты – денсаулық саласындағы және халықтың күнделікті тұрмысындағы мемлекеттік саясаттың ең басты мәселесі болуы тиіс» деген сөзін алға тартып, әр адам өз денсаулығына баса назар аудару қажеттігін еске салды. Сайысқа 8 «А» сыныбынан құралған «Diamond», 8 «В» сыныбынан «Жас сұңқар», 8 «Е» сыныбынан «Тұлпар», 8 «М» сыныбынан «Dragons», 8 «К» сыныбынан «Тас түйін», 8 «Л» сыныбынан «Power», 8 «С» сыныбынан «Снежные барсы», 8 «Д» сыныбынан «Дети Атлантиды» командалары қатысты.
Сайыс барысында жүргізушілер ойын шартымен таныстырып отырды. Ойындағы түрлі шарттар топтарды біріктіруге, мақсатқа бірігіп жетуді көздейді. Сайыс Н.Сұлтаева, Г.Орынханова, А. Ибрагимова, А.Тлемісов, М.Қажыкенов сынды 8 сынып кураторларының ұйымдастыруымен өтті.
Еліміздің болашағы – дені сау азаматтардың қолында. Денсаулықтың кепілі – салауаттылық. Ойын соңында қазылар мен төрешілерге сөз беріліп, сайыста белсенділік танытқан ата-аналар алғыс хатпен марапатталды. Қатысқан топтарға номинациялар берілді. Командаларды қолдауға келген жанкүйерлер де қарап қалмай, «Қаражорға» флешмобына бір кісідей қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша І орынды 8 «К» сыныбының «Тас түйін», ІІ орынды 8 «А» сыныбының «Diamond», ІІІ орынды 8 «М» сыныбының «Dragons» командалары жеңіп алып, мақтау қағаздарымен марапатталды. Сыныпаралық спорттық шаралар алдағы уақытта өзге сыныптар арасында жалғасын табатын болады.

Арнұр Оспанов, 8 «Е»;
Іңкәр Раханова, Айдана Шағманова,
8 «А» сыныбының оқушылары