Анель мен Досжан үздіктер қатарында

«Туған елге тағзым» желілік жобалар сайысы семейлік зияткерлер үшін табысты болды. Атап айтқанда, мектебіміздің 11 сынып оқушысы Анель Калдарова сайыстың «Туған жер-тұғырым» аталымында 1 –ші орынды жеңіп алса, 8 сынып оқушысы Досжан Кентбекұлы «Әлеуметтік кәсіпкерлік және жаңа идеялардың күші» аталымы бойынша 3 орынға ие болды.


– Маған үнемі өз ойымды қағаз бетіне түсіру ұнайтын. Мәтін жазу менің сүйікті ісім. Желілік сайысқа «Я задыхаюсь…» тақырыбындағы эссемен қатыстым. Эссеме дәл осылай атау беруімнің де өзіндік сыры бар. Бала күнімнен әжемнің аузынан қазақ даласы, ел қорғаған батырлары, адам бойындағы жақсылық пен жамандық жайлы көп естідім. Осының барлығы менің туған жеріме деген махаббатымды арттыра түсті. Бұдан бөлек өлке тарихы мен «Алаш» қозғалысы көшбасшыларының өмірі қатты қызықтырды. Олардың қайғыға толы өмірін елестете отырып, қазіргі Тәуелсіздігіміздің арқасында азат ойлы, еркін тынысты ұрпақ болғаным үшін бақытты сезінемін. Біз осы күнімізді бағалап, егемендігіміздің іргесі берік болуы жолында тер төгуіміз керек. Бір сөзбен айтқанда, эссе кейінгі буын жастардың өткенді еске ала отырып, алдағы өмірлеріне жігер беруге арналған, – дейді Анель Қалдарова.


Осыған сәйкес, жоба жеңімпазының эссесі көшпелі өмірдегі жаужүрек батырларымыз, «Алаш» қозғалысының көшбасшылары және сол бабаларымыздың арманына қол жеткізген бүгінгі тәуелсіз елдің бақытты жастары, олардың армандары мен мақсаттары туралы 3 бөлімге негізделіп жазылған.


Ал, сайыстың 3 орын иегері Досжан Кентбекұлы өз еңбегін ата-аналарға көмек ретінде мобильді қосымша әзірлеген. «Ата-ана бақылауы» деп аталған бұл жоба 2 құрылғыға GPS орнату арқылы жұмыс жасайды. Міне осы GPS –тің көмегімен ата-ана өз баласының қандай қашықтықта жүргенін біліп отырады.


– Баласының қауіпсіздігіне алаңдамайтын ата-ана болмайды. Баланы көз алдында ұстап отыру да мүмкін емес. Мына жоба сол сұранысты қанағаттандыра алады. Яғни, құрылғы арақашықты ғана анықтап қоймай, бір-біріне хат жазуға мүмкіндік береді. Тағы бір басымдық – бала белгілі бір нүктеден алыстаған сәтте, ол туралы ата-анасына дабыл қағылады. Сондай-ақ мобильді қосымша да түрлі апатты жағдайларда тиісті орындарға хабарласу тетіктері орнатылған, -дейді жоба авторы Досжан Кентбекұлы.


Желілік сайысқа 331 жобамен 492 баланың қатысқанын ескерсек, Әсем Қазанғапова, Бақытбек Орынбаев сынды ғылыми жетекшілер шәкірттерінің жеңісі үлкен еңбектің нәтижесі деп білуіміз керек.


Баспасөз қызметі