Сәт сапар, жас түлек!

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі өзінің 10 –шы түлектерін үлкен өмірге аттандырды. Мектеп ауласында ұйымдастырылған «Бітіру кеші» барлық санитарлық талаптар мен әлеуметтік арақашықтықты сақтай отырып өткізілді. Салтанатты шараға мектеп ұстаздары, ата-аналар да қатысты.


Алтын ұямыздың қабырғасынан 111 жас түлеп ұшып, дүниенің бір кірпіші болып қалануға бет алды. Солардың 25 –і біздің мектебімізде бірінші сыныптан бастап білім алған. Кеш барысында сөз алған мектеп директоры Бағдан Қайыржанов әрбір түлек үшін үлкен өмірге қадам басу бақытты сәт, сонымен бірге жауапкершілігі де үлкен екендігін алға тартты.


– Әлемде орын алған пандемияға байланысты соңғы екі оқу жылы сіздерге де ұстаздарға да оңай тиген жоқ, үлкен сынақ болды. Бұл сынақтан да сүрінбей өттік деп есептеймін. Біз оқу сапасын төмендеткен жоқпыз. Нәтижесінде түлектеріміздің арасынан Дильназ Дюсенгалиева, Мерей Жумабекова, Сағидолла Құдайбергенов, Эльжана Оралгазиева сынды шәкірттеріміз «Алтын белгі» иегерлері атанса, 11 оқушымыз «Үздік аттестат» -қа ие болды. Бұдан бөлек түрлі пән бойынша республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар сайысының жеңімпаздары мен жүлдегерлері де осы бітіруші түлектер арасында жоқ емес. Осының барлығы қажырлы еңбектің арқасында келіп отыр, -деді Бағдан Тоқтамысұлы өз құттықтауында.


Бүгінгі күнге дейін түлектеріміздің 9 –ы Гонконг, Шанхай, Санкт-Петербург, Прага қалаларындағы, 28 шәкіртіміз Назарбаев Университеті сынды үздік оқу орындарының студенті атанып үлгерді. Шәкірттерімізге әлі де әлемнің әр қиыры мен еліміздегі маңдайалды университеттерінен шақыртулар түсіп жатыр.


– Қазір көңіл-күйімнің алай-дүлей болып тұрғанын айтпай-ақ сезуге болады. Қуаныш та, қимастық та бар. Балалығымыз мектепте қалып бара жатқандай. Ұзақ сапардың алдында ұстаздарыма жүрекжарды алғысымды айтып, достарыма сәт-сапар тілегім келеді. Рахмет, саған мектеп!, – деп өз тілегін білдірді «Үздік аттестат» иегері Тұрар Кәметай.


Мерекелік шарада оқушылар ән салып, би биледі. Ата-аналар, ұстаздар сөз алып, ақжарма тілектерін арнады. Мектеп өміріне белсене атсалысып, көзге түскен ата-аналарға мектеп басшылығы тарапынан Алғыс хаттар табысталды.

Баспасөз қызметі