АҚТАУДА «CASPIAN STARTUP-2021» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТАРТАП ЖОБАЛАР БАЙҚАУЫ БАСТАЛДЫ

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 9-12 сынып оқушылары мен колледж студенттеріне арналған «Caspian Startup -2021» стартап жобалар байқауына тіркелу басталғандығын хабарлайды. Бұл туралы Ақтау қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі мәлім етті. Пандемия әсерінен дәстүрлі байқау аралас форматта өткізіледі. Жарысқа Ресей, Түрікменстан, Түркия, Әзірбайжан елінің жастары қатыса алады.


– Пандемияға байланысты биыл байқау аралас форматта өткізіледі. Сондықтан тіркелу, іріктеу кезеңдері онлайн ұйымдастырылады. Финалға өткен 10 жоба ғана қазылар алқасының алдында өз стартапын қорғау мүмкіндігіне ие болады, – деді баспасөз қызметкері Рысгүл Рамазанова.


«Caspian startup -2021» байқауының биылғы тақырыбы – «Жаңаратын энергия көздері». Мұндай тақырыпты таңдау арқылы оқушылардың назарын жасыл экономика, балаламалы энергия көздері саласындағы мәселелерге аударып, оны шешуге балаларды атсалыстыруды мақсат тұтып отыр. Байқауға қатысу үшін үміткер алдымен өз стартапы туралы бес минуттық бейнеролик түсіруі керек. 12 сәуірге дейін caspianstartup.kz сайтына өтіп тіркелуден өтуі тиіс.

МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ КОММУНИКАЦИЯ ОРТАЛЫҒЫ