Тәрбие бағытынан тәжірибе алмасты

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ тәрбие бағытын орта мектептер тәжірибесіне енгізу жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Мәселен, Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі кураторлары облысымызға қарасты қала, аудан мектептері үшін онлайн семинар өткізді. ZOOM платформасында ұйымдастырылған семинарға Өскемен, Риддер, Курчатов қалалары мен Абай, Үржар, Көкпекті, Жарма, Глубокое, Тарбағатай, Күршім, Қатонқарағай аудандарынан 100 ұстаз қатысты.

– 1 апта бұрын қаламыздағы орта білім беретін мектептерге әдістемелік қолдау көрсету мақсатында дәл осындай семинар өткізгеміз.  Біздің мақсат – Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәрбие үрдісіндегі тәжірибелерді кеңінен насихаттау. Соның ішінде әріптестеріміз Динара Нұрғазина «Ұрпақтар сабақтастығы», Нұржанат Қасымова «Ұлы дала ақындары», Динара Мусина «Менің өмірімдегі қолданылатын мақал-мәтелдер», Меруерт Биахметова «Замандастар жырлайды» атты желілік жобаларымызды кеңінен таныстырып, оны қалай жүзеге асырудың жолын үйретті, – дейді тәжірибе алмасу үйлестірушісі Нұргүл Сұлтаева.

Семинарда кураторларымыз бұдан бөлек «Тәрбие жүйесіндегі жобалардың маңыздылығы қандай?» – деген ортақ сауал тастап, семинарға қатысушы ұстаздардың кері байланысына құлақ түрді.

– Жүргізіліп жатқан әрбір жобаның бала тәрбиесінде ықпалы зор. Бұл іс-шаралар барлық мектептерде бар деп ойлаймын. Тек жоба түрінде жүргізу керектігін түсіндім. Семинар пайдалы әрі әсерлі өтті. Осы үшін алғысымды білдіремін, -дейді семинарға қатысушы Өскемен қаласындағы № 45 бейімделген орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айнагүл Кабдуалиева.
Әдістемелік көмек көрсету алдағы уақытта да жалғасын тауып, тәжірибе алмасу аясы кеңейе бермек.

Баспасөз қызметі