Өскелең ұрпақ бейбітшілікті қалайды

Кейінгі ұрпақ соғыс жайлы тарихи мұрағаттар мен түсірілген фильдер арқылы ғана біледі. Ал оның адамзатқа әкелген қиындығы жайлы елестетудің өзі оңай емес.  Дегенмен аға буынның көзсіз ерлігі мен қаһармандығын ұмытуға болмайды. Осыны жақсы түсінген Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жоғары сынып оқушылары соғыс жайлы білгендерімен бөлісті.

– Біз қашықтықтан екендігіне қарамастан, бағдарламадан қалмай орыс әдебиетінде 10 сыныптар үшін «Соғыс адамдардың өмірінде» атты бөлімді оқып жатырмыз. Осы бөлім арқылы әрбір оқушы Ұлы Отан соғысы жайлы жақынырақ білетін болады. Қосымша ізденеді. Оған қоса бірнеше соғыс жайлы түсірілген көркем фильмдер таңдап алынып, көруге ұсыныс жасалды. Шәкірттерімнен бұл фильмдерді көріп қана қоймай, алған әсерлерін жазу арқылы, кері байланыс орнатуын сұрадым. Осы арқылы мен оларды жанашырлыққа, мейірімділікке тәрбиелегім келді. Мен тек осылай ғана соғыс сұмдықтарын қайталауға жол бермейтін ұрпақ тәрбиелей аламыз деп ойлаймын, -дейді мектебіміздің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Құралай Омарбекова.

Оқушылар үшін М.Шолоховтың «Судьба человека», Б.Васильевтің «А зори здесь тихие» повесі, В.Быковтың «Сотников» повесінің желісі бойынша түсірілген «Восхождение», «Альпийская баллада» повесімен аттас фильмдерді тамашалауға кеңес берілді. Аталған шығармалардың барлығын шәкірттеріміз соңғы тоқсанда оқып жатқанын ескерсек, көргендерінен түйгенін жазу оларға қиындық тудырған жоқ. Нәтижесінде барлығы қызығушылықпен атсалысып, түрлі қызықты пікірлер жазып қалдырды.

– Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Борис Васильевтің «А зори здесь тихие» повестін қызығушылықпен оқып шықтым. Оқыған әсерімді кинодан көргенім толықтыра түсті. Кинокартинаны көру арқылы басқа түскен қиындықты Кеңес азаматтарының мұқалмас қажырлығы жеңгенін көруге болады. Қорқынышты да, қуанышты да сезіне алдым, -дейді 10 сынып оқушысы Адальят  Миятова.

Өзге оқушылар да өз ойларын ортаға салып, соғыстың жақсылық әкелмейтінін, керісінше әлемге тыныштық керек екенін тілге тиек еткендеріне қарап, бейбітшілік сүйгіш ұрпақ өсіп келе жатқанына қуанасың!

Баспасөз қызметі