«Берік отбасы» жобасы сәтті өтуде

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Берік отбасы» жобасы жалғасын тапты. Жобаға 7 сынып оқушылары мен ата-аналары, педагог-психологтар, педагог-ұйымдастырушы-кураторлар қатысты. 7 «Е», «К», «С» сыныптары үшін өткізілген жобаның соңғы күніндегі шараға «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ корпоративтік коммуникациялар департаментінің аға менеджері, сертификатталған тренер Жанна Аманова арнайы келіп қатысты.
Жобаға қатысушылар үшін  педагог-психологтар отбасылық ойындар мен пікірталастар, отбасылық кофе-брейктер,балаларға арналған іс-шаралар өткізіп, отбасында бала тәрбиесіне қатысты ата-аналар жиі кездесетін проблемаларды талқылады. Сондай-ақ ата-аналар кез-келген отбасында қиындықтар туындауы мүмкін екенін, ол отбасыларға көмектесе алатын әлеуметтік ұйымдар мен өзге адамдардың бар екені жайлы пікірлесті.  Нәтижесінде қиын жағдайларға тап болған отбасыларға көмектесетін қоғамдық институтардың тізімін жасады. Сессия соңында ата-аналарға үй тапсырмаларын – алған дағдылары мен білімдерін өмірде қолдану ұсынылды. Бұдан бөлек, барығы бірлесе отырып : «Біз – қатал, бірақ қамқор ата-аналармыз. Балаларымызға махаббатымыз шексіз, алайда, олардың тәртібіне қатысты белгілі бір шектеу қоя аламыз. Біз балаларымыздың жауапкершілігі мол адам болып қалыптасуына көмектесеміз», – деген ұран айтылды.
– Біз бұдан бөлек, ата-аналар мен қамқоршыларға осы жастағы балалар қандай, отбасылық ережелерді орнатуға және жазалауды қалай қолдануға, балалармен қарым-қатынастағы мәселелерді қалай шешуге болады, сүйіспеншілік пен қолдауды қалай көрсетеміз деген сұрақтарға жауап іздедік, – дейді Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагог-психологы Марина Кочетова.
Жобаның соңғы күнінде ата-аналар өз ойларын ортаға салып, баламен арадағы қарым-қатынастың жақсарғанын, алдағы уақытта да  қатысуға ниетті екендіктерін білдірді.
Ал, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ корпоративтік коммуникациялар департаментінің аға менеджері, сертификатталған тренер Жанна Аманова жобаның өміршең екендігін тілге тиек етті.
– Бала тәрбиесі барлығымызға ортақ. Мектеппен ата-ана бірлесе жұмыс атқарғанда ғана бала тәрбиесінде жақсы нәтижеге қол жеткізе аламыз. Сіздердің пікірлеріңіз арқылы жобамыздың дұрыс бағытта жұмыс жасап жатқанын көріп отырмыз. Алдағы уақытта бұл істі жалғастыра беретін боламыз, -деді Жанна Шәкуқызы.
Шара соңында жобаға қатысқан 38 жанұяның ата-анасына сертификаттар табысталып, Жанна Аманованың қатысуымен мектебімізде өткізілген жобаның жұмысы талқыланды.

Психологиялық қызмет