Ақтөбедегі соңғы күн

Сапарымыздың соңғы күнінде балық кәсібімен 2006 жылдан бері айналысатын “Ардағым” шаруашылық қожалығымен таныстық. Бұл шаруашылық қымбат деликатес болып табылатын қара уылдырықты жергілікті мейрамханалар мен шетелдерге экспортқа шығару арқылы табыс тауып, еңбектің зейнетін көріп отыр. Мұнда біз қара уылдырық өндіретін балық цехын, сондай-ақ, балық өсіретін, тереңдігі 1,5 – 2 м болатын тоғандарды тамашаладық. Елімізде балық шаруашылығы бизнесін дамытудың қажеттілігі –  әлі де мамандығын таңдай алмай жүрген оқушыларға ой салмай қоймайды.
Дәл осы күні  «100 жаңа есім» жобасына енген, мүмкіндігі шектеулі болса да, тағдырдың қиын кезеңдерімен күресе білген, «Pandus ok» компаниясының басшысы, білікті бизнесмен, суға жүзуден параолимпиада ойындарының бірнеше мәрте жеңімпазы Шахан Жолдасбаевпен өткен кездесуіміз әрқайсымызды терең ойға жетелеп, барды бағалай білуге үйреттті.  Ағамызбен еркін әңгімелесіп, әр сәтіміз күреске толы болу керек екенін ұқтық.

Соңынан ең қимас сәт – «Туған елге тағызм- 2019» жобасының жабылу салтанаты да келіп жетті. Ақтөбе, Талдықорған және Семейден келген оқушылар өз өнерлерін ортаға салып, осы сапардан алған әсерлерімен бөлісті. Біздің арамыздан Аружан Сарбиева, Дана Ахмеровалар ән шырқаса, 8 сынып оқушылары домбыраның құлағында ойнап, кешті қыздыра түсті.

Мектебіміздің оқушысы Аружан Стахан: «Ақтөбе қаласына келген сапарымызда мектеп қабырғасында алған білімімізді тәжірибе жүзінде өз көзімізбен көріп, тарихи жәдігерлердің куәсі болдық, әр түрлі кәсіпорын жұмыстарымен танысу арқылы мамандық таңдауда өзімізге кәсіби бағыт-бағдар алдық деп мақтанышпен айта аламын» ,- десе, экспедиция жетекшісі Айнұр Қайырханқызы: «Ұлы Абай, дана Шәкәрім,  кемеңгер Мұхтар дүниеге келген Семей- ұлылар мекенінен батырлар елі, құтты қоныс – Ақтөбе қаласына атбасын тірегенімізде кең пейілмен қарсы алған өңір халқының ыстық ықыласына ризашылығымызды білдіреміз. «Туған елге тағзым -2019» жобасының аясында оқушылар батыс өлкенің тыныс-тіршілігімен танысып, тарихи мұралар мен белгілі тұлғалардан рухани азық алып, білім көкжиегін кеңейте түсті» -деп, ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, Семейлік оқушылар қолынан шыққан естелік жәдігерлерді  сыйға тартты.
Осылайша, «Туған елге тағзым» жобасы аясындағы сапарымыз көзді ашып- жұмғанша өте шықты. Көптеген достар таптық, танымал тұлғалармен кездестік, тарихи орындарды көрдік, кәсіби бағыт-бағдар алдық. Осы жобаны ұйымдастырушыларға деген алғысымыз шексіз! Қош бол, Ақтөбе!

Әлия Мұстафина,
Семей қаласындағы ФМБ
Назарбаев Зияткерлік мектебі