Қобда сапары

Ақтөбе өңірінің   тарихы  бай  мұраларға толы батырлар мекені екеніне Қобда сапарында көзіміз жетті.  Бұл сапарда алдымен Ұлы Отан соғысының батыры Әлия Молдағұлованың туған ауылында орналасқан «Әлия»  патриоттық тәрбие беру орталығында батыр қыздың өмір жолымен тереңірек таныстық. Мұнда  батыр жайлы сыр шертетін мәліметтер: бала кездегі суреттері, туыстары, білім алған оқу орындары және мерген қыз туралы жазылған көптеген авторлардың кітаптар бар екен.

Аудан аумағында орналасқан  орта ғасырлардағы сәулет өнерінің тамаша үлгісі «Абат Байтақ» кесенесі әйгілі Асан қайғының батыр ұлы Абатқа арналған екен.  Осы кесененің маңайындағы  «Қыз-әулие» қорымы, сондай-ақ,  200 –ден астам тастан қашалып, әртүрлі үлгімен, ою-өрнектермен салынған құлпытастар жақсы сақталған. Құлпытастарға өмірден озған кісілердің аттары, қысқаша өмірбаяндары араб қарпімен жазылған және ру таңбалары бейнеленген.

Ежелгі тарихпен астасып жатқан көне кесене мен құпияға толы қорымдар жан дүниеңе әсер етіп, ерекше сезімге бөлейді, ұлтыңның тарихын біле түскің келеді, кеудеңе мақтаныш сезімі ұялайды.

Бұдан кейін қазақ еліне құдіретті жырдың  киелі кейіпкері арқылы танымал шоқтығы биік батырымыз, тарихи қаһарман  Қобыланды батырдың  Жиренқопа жеріндегі  тарихи-мемориалдық кешенімен таныстық. Батырдың дулығасы тәріздес жасалған кесене ерекше әсем тарихи ескерткіш екен.   Мұнда да батырдың мұражайынан көптеген мәліметтер алдық.
«Туған елге тағзым» өлкетану  тарихи –экспедициялық жобасы  арқылы   еліміздің  батысында  орналасқан осындай тарихи тағылымы мол киелі жәдігерлермен  танысу бойымызға рух беріп,  туған жерімізге деген сүйіспеншілігімізді арттыра түсті деп ойлаймыз.

Аружан Сарбиева,
Семей қаласындағы ФМБ
Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы