Семейге арналған ТЕДх конференциясы

Семей қаласын жан-жақты дамыту жолдары атқарушы биік өкілдерін ғана емес, кейінгі буын жастарды да  қызықтырады. Мектеп оқушысы дегені болмаса, туған шаһарларының өзге қалалармен тең дәрежеде көркейіп, жаңарғанын көргісі келетін олар түрлі жобаларын ортаға салып, өзара пікір алмасады. Мектебімізде өткен «Туған қалам Семейім» атты ТЕДх конференциясында бас қосқан озық ой, үздік идеялы оқушылар бірнеше тақырыптарды талқыға салды.
– Бүгінгі конференциямызға біздің мектеп оқушыларынан бөлек, қаламыздағы Шәкәрім атындағы үш тілде оқытатын көпбейінді гимназия,№ 3, 31,38, «Білім инновация лицейі», тіптен Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті сияқты білім мекемелерінің шәкірттері мен студенттері қатысты.  Мақсатымыз – өз қаламызға деген жерлестеріміздің сүйіспеншілігін арттыру, отансүйгіштік қасиетті ұштап, болашақ көшбасшыларды тәрбиелеуге ықпал ету. Сонымен қатар, қоғамға қызмет ете отырып, азаматтық құндылықтарды ғаламдық деңгейде насихаттауға ықпал ету. Конференция еліміздің Тұңғыш Президенті –Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында өтіп отыр, – дейді мектебіміздегі ТЕДх клубы көшбасшыларының бірі Аружан Сарбиева.
Бұл жолы конференцияға қатысушылар «Семейдегі мәдени демалыс орындары», «Қала көшелеріндегі ойын алаңдары мен ойын-сауық орталықтары», «Қаламыздағы қайырымдылық пен волонтерлықты дамыту жолдары», «Семей. Туризм.Перспективалар» тақырыптарында сөз алып, өз идеяларын ортаға салды. Шара соңында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Лариса Абылқасымова конференцияға қатысушыларға азаматтық ұстанымдары үшін алғыс айтып, бағалы сыйлықтармен бірге сертификаттар табыс етті.