АҚШ-та білім алатын қазақ қызы

Айжан Нұрманова – АҚШ-тың Калифорния штаты, Сакраменто қаласындағы Choices charter scholl білім мекемесінде оқып жатқан қазақстандық жеткіншек. Аталған мектепке Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінен  ауысып барған. Бүгінде 12 сынып оқитын жерлесіміз жуырда туған жеріне келіп, туған-туыс, достарымен қауышты. Осы сәтті пайдаланып, Айжанмен жүздескен біздер оның АҚШ – ғы өмірі жайлы сұрап білдік.
– Америкаға отбасымызбен қоныс аудардық деп бастады әңгімесін Айжан. Әке –шешем спортпен кәсіби түрде айналысатын адамдар. Ұзақ жылдар шәкірт тәрбиелеумен келеді. Жетістіктері де аз емес. Міне осының арқасында, олар мұхиттың арғы жағындағы алып мемлекетпен келісім-шарт арқылы еңбек етуге бел буды. Ағымдағы оқу жылының алғашқы тоқсаны аяқталысымен менде жолға шығып, жоғарыда аталған мектепке қабылданып, оқуымды жалғастырдым. Сакраменто – көп ұлтты қала болғандықтан, мектепте де түрлі ұлт өкілдерінің балалары білім алады. Мектептің тағы бір ерекшелігі – қашықтан оқуға да болады. Мен осы артықшылықты таңдап, туған қалама қайтып келуге мүмкіндік алдым, – дейді Айжан Серікқызы.
АҚШ –та болған аз уақыттың ішінде Айжан өзінің білімді екенін дәлелдей білген. Алдымен мектептегі білім деңгейі жағынан рейтингі жоғары оқушылар қатарына енсе, кейіннен халықаралық SAT емтиханын сәтті тапсырған оқушы 1410 балл жинап, Америкадағы бірнеше маңдайалды жоғары оқу орындарының қабылдауына шақырту алған.
– Емтихан қорытындысы бойынша жинаған ұпайым  (Georgia Institute of Technology) Джорджия технология институты, (University of California, Santa Barbara) Санта-Барбарадағы Калифорния университеті,  (University of California, Davis, UC Davis) Дейвис қаласындағы Калифорния университеті сынды белді әрі беделді оқу орындарының студенті атануға мүмкіндік береді. Енді менің алдымда осы  үшеуінің ішінен біреуін таңдау құқы тұр. Оны асықпай ойланып, оңтайлы шешім қабылдармын деген деп отырмын, -дейді сұхбаттасымыз.
Айжан атаған жоғары оқу орындарына қызығушылығым артып, олар жайлы жақынырақ білмекке ғаламтор беттерін ақтардым. Көз жеткізгенім – жоғарыдағы институт, университеттердің әрқайсының тарихы тым ертеден басталатындығы. Сонымен қатар АҚШ –тағы ғана емес әлемдегі ірі ғылыми-зерттеу орталықтарының қатарынан екендігі. Тіптен олардың әрқайсында әлемге танымал тұлғалардың білім алып, үлкен өмірге қанаттануы оқу орнының атағын аспандатып-ақ тұр. Мәселен,  Джорджия технология институтын АҚШ-тың 39–шы президенті Джимми Картер, Панама Республикасының президенті Хуан Карлос Варела Родригес сынды мықты саясаткерлерден бөлек, белгілі астроном,  NASA агенттігінің директоры Ричард Трули сынды танымал тұлғалар тәмамдаған.  Дәл осындай танымал түлектер өзге екі оқу орнында да білім алыпты. Бір кездері қазақ баласының өңі түгілі түсіне кірмеген мақтан тұтарлық бұндай жаңалық бүгінгі отандық білім саласының жаңа бір биікке жетуінің нәтижесі.
Айжан Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі достары, ұстаздарымен арадағы байланысты үзген жоқ. Қажет кезінде жергілікті мұғалімдерден пәндік сабақтарға байланысты түрлі ақыл-кеңестер алып тұрады. Уақытты тиімді пайдалануды меңгерген мақтаулы оқушымыз болашағын компьютерлік инженерия саласына арнауды жөн көріпті.
Сол арқылы болашақтың мамандығы саналатын информатиканың дамуына үлес қоспақ. Талабыңа нұр жаусын, Айжан дейміз!

Ермек Исабаев,
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
 Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы