Аяжан абыройлы оралды

Аяжан Тоқтарғазы Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сыныбында оқиды. Болашағын экономикамен байланыстыруды жоспарлап отырған оқушы әлеуметтік жобалармен жұмыс жасауға құмар. Соның арқасында соңғы бір жылдан бері еліміздегі «Гендерлік теңдіктің экономикаға байланысы» тақырыбында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жоба әзірлеп шығарды. Жуырда сол жобасы  ҚР Білім және Ғылым министрлігінің “Дарын” республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар сайысында сәтті қорғалып, алтын медаль жеңіп алды.
–  Алматы қаласында «Бөбек» Ұлттық ғылыми-тәжірибелік, білім беру және сауықтыру орталығында өткен сайысқа 600 -ден  аса жоба қатысты. Түрлі бағыттар бойынша сынға түскен додада топ жару мен үшін үлкен жетістік. Мен өз жобам арқылы гендерлік теңдік жағдайы, оның экономикалық моделіне басымдық бердім. Сол арқылы еліміздегі ең өзекті деген проблемалардың біріне назар аудартқым келді. Осы ойым қазылар назарына іліккен болуы керек, бас жүлде бұйырды, -дейді Аяжан.
Жас зерттеушіміздің жобасына ұстазы Шарипа Таласбаева жетекшілік етсе, ғылыми кеңесті Қазақстан Инновациялық университетінің ассоциоланған профессоры Айжан Мұхамадиева берген.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі