ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТТЕР ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Әлемдік көшке ілесудің бірден –бір жолы отандық білім саласына өзгерістер енгізу. Өзгеріс дәстүрлі, жаттанды оқыту әдіс –тәсілдерінен арылып, бүгінгі заман сұранысын қанағаттандыратын соны жаңалықтарға толы болса абзалырақ.  Еліміз өз алдына дербес мемлекет болып, шаңырақ көтергелі Қазақстандық білім жаңа деңгейге қадам басып келеді. Ел ертеңі жастарымыздың сапалы біліммен қамтылуы – келешегіміздің жарқын болуының кепілі.
Күштің білектіде емес, білімді де екенін үнемі айтып жүретін Елбасы Н.Ә.Назарбаев отандық білімге көп көңіл бөледі. Мәселен, қазір жүзеге асып отырған 12 жылдық білімге көшу идеясын Елбасы 2001 жылы білім және ғылым қызметкерлерінің съезінде алғаш ұсынды. 2002 жылы осыған көшу жөнінде тәжірибе жұмыстары басталып, тиісті нормативтік-құқықтық база жасалды. Араға уақыт салып, мемлекет басшысы 2011 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында 2020 жылы 12 жылдық мектеп толықтай қызмет етуі қажеттігін атап өтсе, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес 2016-2017 оқу жылынан бастап елімізде жаңартылған білім мазмұнына көшу жұмыстары қолға алынатындығын тілге тиек еткен еді. Осы тапсырмаларға орай, жаңартылған білім беру бағдарламасы кестеге сәйкес кезең-кезеңмен: 2016 жылы – 1-ші, 2017 жылы  – 1,2, 5,7 –ші, 2018 жылы  – 1,2,3,6,7,8,10- шы, 2019 жылы барлық сыныптар көшірілуі тиіс. Дегенмен, айтуға жеңіл болғанымен, оның артында қаншама қажырлы күш –қайраттың қажеттілігі жатыр.    Салмақ тағы да ұстаздар қауымының өзіне түседі. Өйткені, жасыратыны жоқ, жаңартылған білім мазмұны жайлы қоғамда түрлі кереғар пікірлер туындап үлгерген.    Дегенмен дәл осы сұрақтың жауабын тағы да Ұлт Көшбасшысы өзі беріп отыр. Қазақстан Халқына арнаған кезекті биылғы Жолдауында Президент жаңартылған білім мазмұны дегеніміз – халықаралық стандарттарға сай келетін және Назарбаев зияткерлік мектептерінде бейімделуден өткен заманауи оқу бағдарламалары деп нақты атап өтті.
Елбасымыздың осы тапсырмасын алғашқылардың бірі болып орындауға кіріскен Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымы айналасы бірер жылдың көлемінде еңбек етіп келеді. Оған облысымызға қарасты Көкпекті ауданындағы Абай атындағы орта мектеппен Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің арасындағы тығыз байланыс нақты дәлел бола алады. Шалғайдағы ауыл мектебі соңғы 3 жылдан бері зияткерлік мектептің қолданысындағы тәжірибесімен алмасып, жаңартылған білім бағдарламасын меңгеруде.   Бұның сыртында Семей өңірінде тірек мектептері қатарына қосылған 7 оқу ошағына қолұшын беру біздің мектепке жүктелген. Нәтижесінде біздің мектеп ұстаздары ай сайын олармен барлық пәндер бойынша білім мазмұнын беру, дағдыны қалыптастыру әдістемесі, бағалау сынды бағыттарға қатысты жұмыс  атқарады.
Осы жұмыс аясын кеңейту мақсатында жуырда Көкпекті ауданы мен қала мектептерінен жиыны 230 –ға тарта мұғалімдер келіп, біздің ұстаздардың сабақ барысындағы әдіс –тәсілдеріне куә болды.
– Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев  «Төртінші өнеркәсіп революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауы арқылы дүйім Қазақстан қоғамына жаңа 10 міндетті жүктеп отыр. Осы аталған 10 жаңа міндеттің әрқайсы біз үшін аса маңызды. Дегенмен соның ішінде Ұлт Көшбасшысы бөле –жара атап өткен «Адами капитал – жаңғыру негізі. Білім берудің жаңа сапасы» атты тарауы бүкіл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаздар үшін үлкен мәнге ие. Осы ретте біз сияқты Зияткерлік мектептерге зор  жауапкершілік артылып отыр. Атқарар шаруаларымыздың  сапалы болуы үшін біздің ұжым нақты іс –шараларды қолға ала отырып жұмыс жасауда. Қала, аудан мектептері оқытушылары бүгінгі сапарларында жаңартылған білім мазмұнына қатысты өздерін қызықтырған сауалдарға жауап ала алады. Ол үшін әрине әрқайсы өз пәндері бойынша сабақтарға қатысып, оны талдап, сабақ барысын жаңа бағдрлама бойынша жоспарлауды үйренеді. Соңынан критериалды бағалау жүйесіне қатысты оқу тренингіне қатысып, мектептің дамуы, ұстаздардың кәсіби дамуын ұйымдастыру сынды ақпараттармен жан-жақты қанығады. Мектеп кітапханашылары үшін де қажетті озық үлгілі іс –тәжірибемізді ортаға салдық. Оған қосымша сынып жетекшілері үшін кураторлар мен психологтарымыз бірлесе отырып тәрбие сағатын қалай ұйымдастыру керектігі жайлы қызықты деректермен, әдіс –тәсілдерімен бөлісті. Осы жұмыстардың бір күндік емес, керісінше жыл 12 ай бойы үздіксіз жалғаса беретіндігін баса айтқым келеді. Бұл біздің келешек ұрпақ үшін жасап отырған игі қадамдарымыздың бірі. Осы арқылы біз Елбасы Жолдауына нақты ісімізбен жауап берудеміз, -дейді Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Бағдан Қайыржанов.
Зияткерлік мектеп ұстаздары өткізген сабақтар қонақ әріптестерінің қызығушылығын тудырды. Өздеріне берілген мүмкіндікті тиімді пайдалануға тырысқан олар жаңа әдіс –тәсілдерді мейлінше меңгеріп қалуға ұмтылды.
– Бүгінгі семинар барысында қазақ тілі мұғалімі Асулан Төлеуханұлы Кәкеновтің сабағына қатыстық. Әріптесіміздің сабақ барысында жанын салып, оқушыларын өзіне үйіріп әкететіні бірден байқалды. Сонымен қатар сабақ барысында қолданатын әдіс –тәсілдері ерекше қызығушылығымызды тудырды. Біздің ойымызша, ұстаз әрқашан іздену үстінде болуы керек. Ол өзінің ізденуін тоқтатқанда, бүгінгі заман талабына жауап бере алатындардың қатарына ене алмауы әбден мүмкін. Сол үшін дәл осындай семинарлардың, іс –тәжірибе алмасып, білгеніңмен өзгелерге бөлісіп отыруда пайдасы мол. Қазір жаңартылған білім мазмұнымен сабақ өткізу мектеп бағдарламасына енді. Әзірге осы бағдарламамен толыққанды жұмыс жасап жатқан Назарбаев Зияткерлік мектептері. Ендеше, біздің олардан үйренеріміз көп. Алдағы уақытта да осы мақсаттағы семинар ұйымдастырылатын болса, міндетті түрде қатысамыз, – дейді қаламыздағы экономикалық лицей мұғалімі Әсем Темірғалиқызы мен № 6 гимназия мұғалімі Ардақ Рахымқызы.
Семинар бүгінгі қоғамдағы бас ашық біраз сауалға жауап тапты. Енді семинарға қатысушылар үйренгендерін өз мектептерінде таратуға атсалысып, оқушылардың жаңа бағдарламаға жылдам ілесіп кетуіне күш салмақ. Осылайша, бүгінгі жастарымыздың әлемдік аренада алдыңғы қатардан көрінуіне жол ашатын білім саласындағы соны өзгерістерді ұстаздар қауымы оң көзқараспен қабылдап отыр.

Семей қаласындағы физика – математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.