АБЫРОЙЫ АРТҚАН АСХАТ

Ұстаздың оқушы алдындағы негізгі міндетін ашып көрсеткендердің бірі қазақ педагогикасының негізін салушы Ыбырай Алтынсарин атамыз. Бүкіл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ол өзінің бір сөзінде: «Егер балалар бірдемені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәлауға тиісті емес, оларға түсіндіре алмай отырған өзін кінәлауға тиіс», -деген болатын. Осы ойы  арқылы ұстазға артылар сенім мен жауапкершіліктің  аз болмайтындығын ашып айтып отыр.
Арқаға артылған жүкті қара нардай қайыспай көтере білетін жандар біздің де қатарымызда жоқ емес. Оларды  өз мамандықтарына адал, шынайы берілген нағыз  мұғалімдер деп ауыз толтырып атауға болады.  Әріптесіміз Асхат Жұмабеков солардың бірі. Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде физика пәнінен сабақ беретін жас маманның болашағы зор. Олай дейтініміз, білім мен ғылымға, мамандыққа деген сүйіспеншілігінің арқасында біраз белесті қазірдің өзінде бағындырып тастады.
2013 жылы Семей мемлекеттік педагогикалық институтын «физика» мамандығы бойынша тәмамдаған жас ұстаз бірден Зияткерік мектепке қабылданады.  Осы білім ошағының қабырғасында еңбек ете жүріп, Елбасымыздың Халықаралық «Болашақ» стипендиясына ие болған. Жүзден жүйріктерге ғана бұйыратын бұл мүмкіндіктің арқасында Асхат Советханұлы Финляндияда білім алып келді. Аталған елдің білім және мәдениет министрлігі грантын ұтып, білім саласы бойынша PhD докторанты атанған. Онымен қоса Финляндия, Сингапур елдерінде қысқа мерзімді және ғылыми іс –тәжірибеден өткені тағы бар.
Асхат финдік, ресейлік әріптестерімен бірлесе отырып ғылыми жұмыстар жазса, енді бірде STEM бағыты бойынша елімізде 4 бірдей Назарбаев Зияткерлік мектептерінде жеке –дара зерттеулер жүргізген. Үздіксіз ізденіс үстінде жүріп 40 – тан астам түрлі ғылыми жұмыстар мен мақалалардың авторы да атанды. Мақалалары халықаралық «IOP Science» импакт-фактор журналында жарық көрген.
Жуырда әріптесіміз тағы бір белесті бағындырып, жеңіс тұғырынан көрінді. Еліміздегі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы өзіне қарасты білім мекемелеріндегі оқытушылардың кәсіби біліктілігі мен білімділігін сынау үшін дәстүрлі түрде «Жылдың үздік мұғалімі» атты сайыс өткізіп келеді. Міне осы сайыста Семей намысын Асхат Советханұлы қорғап, абыройы асқақтап, жүлделі 1 – ші орынды жеңіп алды. Елордамыз       Астана қаласында өткен ұстаздар бәйгесі екі күнге созылып, жаңа идеялардың туындап, шығармашылық шабыттың шыңға шыққан сәті болды. Байқауға «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шамшидинова арнайы келіп, қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі.
Екі күндік сайыс барысында үміткерлер 15 минуттық ашық сабақ өткізіп, «Инновациялық әдістемелік құралдар» тақырыбындағы көрмеге өздерінің шығармашылық еңбектерін қойды. Көрме сөресіне кітаптар, әдістемелік еңбектер мен жинақтардан басқа онлайн-сабақтар, фильмдер, комикстер мен мұғалімдердің өздері әзірлеген үстел ойындары ұсынылды. Білім саласында қолданылуы қажет жаңа технологиялардың барлығы да осы экспозицияда көрініс тапты.
Сайыстың келесі кезеңінде мұғалімдер сахнаға шығып, үш минут ішінде «Мен – Тұлғамын, мен – Ұстазбын» тақырыбында сөз сөйлеп, өздерінің ерекше қабілеттерін көрсетуге тырысты. Ал шешуші кезеңде Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» жалпы ұлттық идеясына арналған  шешендік өнерден бақ сынады.
Байқау аяқталысымен жүлдегерлерді анықтау құрамына орталық аппараттың, Білім беру бағдарламалары, Педагогикалық өлшемдер және Педагогикалық шеберлік орталықтарының басшылары кірген әділқазылар алқасына оңай болған жоқ. Өйткені, еліміздегі маңдайалды мектептерінде дәріс беретін мықты ұстаздардың қай –қайсы болмасын жүлдеге лайықты еді. Дегенмен, өз шеберлігінің арқасында өзгелерді мойындата білген Асқат Жұмабеков жүлделі 1 –ші орынға ие болып, арнайы диплом мен 400 мың теңгенің сертификатына ие болды.
– Зияткерлік мектеп ұстаздары арасында өткен сайыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Сайысқа өз саласының кілең мықтылары жиналған. Өз басым дайындық жұмыстарын өткен жылдың күз айларында бастағанмын. «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайтыны» сияқты, бұл жетістікке жалғыз өзім жеттім десем әбестік болар. Білім додасына дайындық барысында мектебіміздің басшысы Бағдан Тоқтамысұлынан бастап, бүкіл педагогикалық ұжым қолдау білдіріп, ақыл –кеңестерін айтып, жөн сілтеп отырды. Айналамда жанашыр жандардың, қамқор адамдардың бар екенін бір сәтке есімнен шығарған емеспін. Тіптен сайыс барысында да менің жанкүйерлерім бәрінен де мықты болды. Сондықтан бұл жеңісім біздің мектеп ұстаздарының жеңісі дегім келеді. Біз бірлесе жұмыс істеу арқылы жұмыла көтерген жүктің жеңіл екенін тағы бір мәрте дәлелдедік. Жеңіс мені шабыттандыра түсті. Ұрпақ тәрбиесі жолындағы қызметімді жаңа деңгейге көтеруге серпін берді. Алдағы уақытта да алған бетімнен қайтпай, ұстаз деген ұлы есімге кір келтірмеуге тырысамын, – дейді әріптесіміз.
Асхаттың кезекті жеңісіне орай, мектебіміздің акт залында жүлдегерге құрмет көрсету салтанаты өтіп, ұжым атынан жас маманға ізгі тілектер айтылды. Елбасымыз «Ел ертеңі – білімді жастардың қолында». –дегені дәл осы Асхат сынды білікті жастарға қаратылып айтылса керек. Өйткені, әріптесіміз сол сөздің шынайы өмірдегі дәлелі әрі көрінісі.

Ермек Исабаев,
Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы