Зияткерлік мектеп ұстазы «доктор» атанды

Мектебіміздің тарих пәнінің мұғалімі Мақсат Құдагелдин «Педагогика және психология» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (РhD) атанды. Alikhan Bokeikhan University «Педагогика және психология» докторантурасын бітірген әріптесіміз «Студенттердің мәдени-тарихи санасын қалыптастырудың педагогикалық негіздері» тақырыбындағы диссертациясын Л.Н.Гумилев атындағы ұлттық университетінде сәтті қорғап шықты.


– Диссертациямның өзектілігі – мәдени-тарихи сананы білім беру тетіктері арқылы қалыптастыру және оқытушылар студенттерге өздерінің мәдени мұраларын тереңірек түсінуге, сақтауға, насихаттауға, болашағына негізделген шешімдер қабылдауға, азаматтық ұстанымдарын дамытуға көмектеседі. Бұл үйлесімді және алуан түрлі қоғам құру үшін өте маңызды мәдениетаралық түсіністік пен құрметке ықпал етеді. Көтерілген мәселе негізінде қазақстандық білім беру айналымына алғаш рет «Тарихи жады педагогикасы» арнайы оқу курсы енгізілді, -дейді Мақсат Тұрсынханұлы.


40 –тан астам ғылыми мақалалар мен оқу құралының, авторлық құқықтың иесі болып табылатын ұстаз зияткерлік мектеп жүйесінде 2020 жылдан бері еңбек етіп келеді.


Қазіргі уақытта Мақсат Құдагелдиннен бөлек 5 мектеп ұстазы биология, физика, ағылшын, химия пәндері бойынша докторантурада білімдерін жалғастыруда. Бұл өз кезегінде білім ошағымыздағы педагог мамандарының біліктілігін арттыруға бағытталған ұстанымдарының нәтижелі жұмысы екендігін дәлелдейді.