Асхат Жұмабеков – «Жыл патриоты» атанды

Мектебіміздің физика пәнінің мұғалімі Асхат Жұмабеков отандық білім саласын дамытуға қосқан ерекше еңбегі үшін «Жыл патриоты» атанды. Әріптесімізге бұл марапат ҚР Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығына орай Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылған республикалық патриоттар форуымында табысталды.


Айтулы іс-шараға қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғалымдар және еліміздің көрнекті мәдениет өкілдері қатысты. Форумда ғылым және білім, мәдениет және спорт, медицина және волонтерлік, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы, технология және бизнес, ерекше ерлік көрсеткен азаматтар бағыттары бойынша үздіктер анықталды.


– Бұл марапат еліміздегі ұрпақ тәрбиелеу жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымына берілген жоғары баға деп білемін. Менің жеңісім – жауапкершілігі ауыр мамандық иелерінің ортақ жеңісі. Менің мақсатым –жүлде жинау емес, ел дамуына үлес қосатын нағыз отансүйгіш, білімді, патриот жастарды тәрбиелеу. Осы мақсатта әріптестерімізбен тізе қосып, жұмылған жұдырықтай болып еңбек ете береміз, -дейді Асхат Советханұлы өз сөзінде.


Әріптесіміздің өткен жылы әлемнің 50 үздік ұстазының қатарына кіргенін көпшілік жақсы біледі. Жуырда ол ұстаздарға арналған Нобель сыйлығының баламасы болып саналатын «Global Teacher Prize» жаһандық сыйлығының Амбассадоры атанған болатын.