Желілік домбыра сабағы өтті

Мектебімізде домбыра сабағы өтті. Ұлттық өнерді насихаттап, оқушылардың домбыра, күйшілік, күйші жайлы түсініктерін кеңейту мақсатында ұйымдастырылған рухани сабаққа ҚР «Мәдениет саласының үздігі», күйші-композитор, көптеген республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты Айбек Бекбосын арнайы шақырылды.


– Домбыра сабағы «100 күй» жобасының аясында өтіп отыр. Зияткерлік мектептер желісінде дәл осы сабаққа 2 мыңнан аса домбырашы қатысып, өз өнерлерін паш етпек. Оның сыртында тамашалауға келген өзге де шәкірттеріміздің бар екенін ескерсек, бұл шараның ауқымы өте кең екенін көруге болады. Ал, күйші-композитор Айбек Бекбосынның келуі жас домбырашыларға жаңа серпін бергені анық, -дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Лариса Абылқасымова.


Сабақ барысында күйші Айбек Бекбосын мен мектебіміздің тарих пәнінің мұғалімі, өнерпаз Бауыржан Серікұлы тақырыпқа сай өз білгендерін ортаға салып, музыканың адами дамуға қосатын үлесі жайлы айтты. Қонақкәде ретінде Айбек өзінің «Тарбағатай», әріптесіміз Төлеген Момбековтің «Салтанат» күйін орындап берді.


– Қазақтың өнеріне оң көзқараспен қарайтын жеткіншектердің өсіп келе жатқаны қуантады. Бүгінгі домбыра сабағына аса ыждахаттықпен қатыстым. Жалпы зияткерлік мектептерде білім алатын оқушылардың жан-жақтылығы көңілге қуаныш сыйлайды. Қазақтың өнері, қара домбырасы, күйі оны дәріптейтін дәл осы оқушылардай ұлтжанды ұрпағымыз көбейе берсін, -деді Айбек Бекбосын өз сөзінде.


Шара соңында 60 –тан астам домбырашы қонақтармен бірлесе отырып, Құрманғазының «Балбырауын» күйін нақышына келтіре орындап шықты.