Ұрпақтар сабақтастығының ұлағаты көп

Ұялы телефонымыздағы қосымшалардың артықшылықтары жайлы зейнет жасындағы адамдардың көбі біле бермейді. Осыны ескерген мектебіміздің 8 сынып оқушылары қазыналы қариялар үшін «Компьютерлік сауаттылықты арттыру» атты кеш өткізді. Шараны «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында педагог-ұйымдастырушы-кураторлар Ботагөз Салихова, Гүлнұр Жакеева, Динара Фольмер бірлесе ұйымдастырды. Кеш қонағы болған ата-әжелеріміз шәкірттеріміздің көмегімен «Damumed», «2ГИС», «Infobus» сынды аса қажетті қосымшалар жайлы көп ақпарат берілді.


– Бүгін немерелеріміздің шақыруымен келіп отырмыз. Жыл ауысқан сайын күнделікті өмірге тың жаңалықтар еніп жатады. Мәселен, гаджеттердегі пайдалы қосымшалардың біздер үшін пайдасы мол екеніне көз жетіп отыр. Қосымшалардың қалай жұмыс істейтіндігі, қолданылуы жайлы көп мағлұмат алдық. Осы үшін аталық алғысымды айтамын, -дейді Еркін Қожахметов есімді қария.


Кешіміз тек қана теориялық және практикалық кезеңімен шектелмей, концерттік бағдарламамен жалғасты. Сахнада Айым Тәңірберген, Мұхамедәли Нұрулла, Арна Дарханқызы, Аяжан Құдайберген сынды шәкірттеріміз ән салып, күй тартып, би биледі. Кеш ата-әжелеріміздің ақжарма тілегі, батасымен қорытындыланды.