Динар – Балалар Евровидениесі ұлттық іріктеуінің финалисі

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7 –ші сынып оқушысы Динар Нәдірбекова ел тарихында алғаш рет өткізілгелі отырған «Junior Eurovision Song Contest» халықаралық байқауы  Республикалық іріктеуінің финалына шықты.  «Хабар» агенттігі ұйымдастырған іріктеуге  жалпы саны 200 –ге жуық үміткер өтініш білдірген. Алайда негізгі талаптарды ескере отырып, 134 өнерпаздың ғана өтініштері қабылданған. Жуырда ұйымдастырушылар іріктеудің ақтық сынына жолдама алған финалистердің есімдерін атады. Еліміздің жезтаңдай әншісі, ҚР Халық әртісі Роза Рымбаева жетекшілік еткен әділқазылар алқасының шешімімен шәкіртіміз Динар Бекболатқызы да үздік ондықтың қатарына еніп, ата-анасы мен бірге өзі білім алатын мектеп ұжымын да қуантып отыр.
Әнші қыз бұған дейін де бірнеше байқауларға қатысып, өз бағын сынаған. Атап айтқанда, «Аялаған Астана 2018», «Звезда Востока», «Поющий Кеша», «Paradise Holiday»  сынды ән додаларында өнер көрсетіп, жақсы жағынан көрінген. Бүгінде Динар қаламыздағы «Юна» продюсерлік орталығында вокалдан дәріс алады. Музыкалық жетекшісі Галина Новикованың айтуына қарағанда, ән таңдауда өзіндік талғамы бар өнерпаз оқушы өжеттілігінің арқасында кез-келген әнді еркін меңгеріп кете алатын көрінеді. Шәкіртінің еңбекқорлығын ерекше атап өткен музыка маманы Динардың алар асуы мен бағындырар биігі алда екендігіне сенімді.
Сонымен Динар үздік ондықтың қатарында 22 қыркүйек күні Алматы шаһарында қала күні аясында өтетін «Junior Eurovision Song Contest» халықаралық байқауының ұлттық финалында сахнаға шығады. Талап бойынша финалистер ешбір жерде орындалмаған тың, жаңа авторлық әндерін орындаулары қажет. Ұлттық іріктеудің жеңімпазы көрермендердің телефон, смс хабарламалары әрі әділқазылардың ортақ шешімдері арқылы анықталатын болады. Ал жеңімпаз 25 қараша күні Минск қаласында өтетін әлемдік финалға Қазақстан атынан қатысады. 15 жылдық тарихы бар халықаралық байқауға 9-14 жас аралығындағы орындаушылар қатыса алады. Бұл өнер бәйгесіне Қазақстан алғаш рет өз үміткерін үкілеп қоспақ. Ұлттық іріктеуге барынша дайындалып жатқан Динарға сәттілік тілеп, жеңіс тұғырынан көрінеді деп сенеміз.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы

Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.