Жастарға жігер берді

Жаңа оқу жылының басталуымен бірге «Даналық бейсенбісі» жобасы да өз жалғасын тапты. Жобамыздың бұл жолғы қонағы – IT маманы, Speech lab негізін қалаушы және жетекшісі, көптеген ойындар мен техника тілін жасаушы Ердәулет Зейнолла. Кездесуге болашақ мамандықтарын айқындап, сол бағытта дағдыларын дамытып жүрген мектебіміздің 10 сынып оқушылары қатысты. Кездесу барысында қонақтың өмір жолы қызықтырғаны соншалықты оқушылар тарапынан көптеген сұрақтар қойылды. Соның ішінде алғашқы табыс, қашықтан жұмыс жасау, жобаларды бастау, уақытты тиімді пайдалануға қатысты сауалдар бар.


Назарбаев Университетінің түлегі математикаға, матрица, сонымен қатар бағдарламалауға мектеп жасынан қатты қызыққанын алға тартты. Қазіргі уақытта ол Pyton тілінде бағдарламала әзірлеуде. Бастапқыда инженер немесе математик болуды армандаған Ердәулеттің кейінірек IT – технология саласына аңсары ауған. Ол жұмысты пайда табу үшін хобби ретінде қабылдайтындығын айтты.


Білімін магистратурада жалғастырып жатқан ол «Data Science» меңгеруде. Жеке кеңсесінің бар екендігіне қарамастан уақытты тиімді пайдалану үшін қашықтықтан жұмыс жасағанды ұнатады екен. Нәтижесінде 2 қызметті қатар алып жүр. Оның екінші жұмысы ресейлік компанияда аутсорсинг, онда ол әлемге әйгілі онлайн ойындарын дамытумен айналысады. Бос уақытында спортзалға барып, достарымен уақыт өткізеді.
Кездесу барсында қашықтан жұмыс жасаудың тиімді және тиімсіз жақтары жайлы да сөз болды. Артықшылықтары көп екендігіне көз жетті. Шара соңында оқушыларға өз тілегін жеткізіп, мүмкіншіліктің барлық жерде бар екендігіне сендірді. «Бастысы әркім өз жұмысын жақсы білсе болғаны», -дейді Ердәулет Зейнолла.


Ақлима Сексенбаева,
жоба үйлестірушісі