ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫШЫН ӘЛЕМГЕ ТАНЫТҚАН…

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Қаныш Сәтбаевтың туғанына 120 жыл толуына орай «Қазақтың Қанышын әлемге танытқан…» тақырыбында жазушы Медеу Сәрсекемен кездесу өтті. Кездесу мақсаты – жазушының шығармашылығын, Сәтбаевтың ғибратты өмірін оқушыларға кеңінен таныстыру.
Драматург, жазушы Медеу Сапаұлы қазақтан шыққан тұңғыш академик, геолог-ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевты зерттеуге өмірінің 40 жылын арнаған. Ұлы Абай әлем жұртшылығына Мұхтар Әуезов арқылы әйгілі болса, Қаныш Имантайұлының есімі Медеу Сәрсекенің еңбектерімен танымал. ЮНЕСКО жариялаған деректер бойынша Қаныш Сәтбаев туралы ғұмырнамалық дерек әлемнің 112 еліне таралыпты. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген академик туралы ғұмырнамалық кітап 18 рет басылып, тиражы 330 мың данаға жеткен.
Сұхбат түрінде өрбіген кеш барысында Медеу Сәрсеке жазушылыққа қалай келгені туралы сөз қозғап, оқушылардың сұрақтарына жауап берді.
– Абыралы ауданындағы Қайнар орта мектебін 1953 жылы алтын медальмен бітірдім. Студент кезімде дипломдық жұмыспен бірге «Ғажайып сәуле» атты повесть жаздым. Семей цемент зауытында жұмыс істеп жүргенімде әдебиеттің фантазия жанрымен көп әуестендім. Біздің әдебиетте бұл жанрға жататын шығармалар көп жазылмаған. «Ғажайып сәуледен» кейін «Көрінбестің көлеңкесі», «Жетінші толқын» атты повестерім жарыққа шықты,- деген Медеу Сәрсеке оқушыларға әдебиетке қалай келген туралы әңгімелеп берді.
Сұхбат барысында жазушы атамыз Қаныш Сәтбаев жайлы жазуға түрткі болған белгілі академик Әлкей Марғұлан екенін атап өтті. Жасы 30 –ға тола қоймаған Медеу Сапаұлы 1963 жылдың жаз айынан бастап, ғұмырнамалық кітапты баспаға әзірлеуге 13 жыл уақытын арнады. Осы жылдар ішінде ол академиктің табаны тиген өңірлер мен қалаларды, Жезқазғанды, Мәскеу мен Ленинградты әлденеше рет аралап, көзін көрген жандармен сұхбаттасты. «Қазақтың Қанышы» атты ғұмырнамалық дерек 1975 жылы «Жазушы» баспасының «Ғибратты ғұмыр» сериясына басуға берілгенімен, белгілі бір себептермен 14 жылдан кейін, яғни 1988 жылы ғана жарыққа шыққан.
– 1964 жылдың 31 қаңтарында радиодан Қаныш Сәтбаевтың дүниеден өткенін хабарлады. Мен ол кісімен сұхбаттасып та үлгермедім. Академиктің ауыр дертке шалдыққанын кейін ғана білдім. Ең алдымен Қаныш Имантайұлының Семейде тұрған кезеңін зерттеп, бір жылдан кейін 150 беттік материалды Әлкей Марғұланға әкелдім. Ол жазба менде әлі күнге сақтаулы. 13 жыл зерттеу жұмысынан кейін дайын нұсқаны Әлкей Марғұлан, Мұхаметжан Қаратаев және басқа да ғалымдар оқып, екі жылдай түзету енгізді. Кітап 1975 жылы баспаға ұсынылды. Бірақ 14 жыл бойы жарыққа шықпады. Амал жоқ, 1978 жылдан бастап кітаптың орысша нұсқасын әзірледім. Қаныш Имантайұлының ресейлік достарының қолдауымен 1980 жылы Мәскеуде 100 мың данамен жарыққа шықты. Халықтың көбі бұл еңбек туралы сол кезде ғана білді,- дейді М.Сәрсеке.
Әсерлі сұхбат барысында Медеу Сәрсеке «Бекмаханов», «Семей қасіреті» кітаптарының шығу тарихына да тоқталып, кеңірек айтып берді. Кеш соңында қарт жазушы оқушыларға батасын беріп, олармен бірге суретке түсті. Ал мектеп директоры Бағдан Қайыржанов жазушыға шапан жауып, құрмет көрсетті.

 

Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Семей таңы»