Туған елге тағзым экспедициясы Абай елінде

Ел тарихына үңіліп, әр өңірге зерттеу жасайтын Астана, Алматы және Түркістан қалаларындағы NIS мектептерінің 72 оқушыcы Абай еліне табан тіреді. Атаулы шара «Туған елге тағзым» жобасы аясында жүзеге асты. Әлеуметтік бағдарлама 2012 жылдан бері «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ оқушылары үшін ұйымдастырылады.

            Туған жердің ғажайыптарын танытатын экспедиция Семей шаһарының көрікті жерлерімен басталды. Алғашқы күні жас зерттеушілер Бейбітшілік аралығындағы «Өлімнен де күшті» монументіне, «Бейбітшілік стелласына» және Абай Құнанбайұлының ескерткешіне тағзым етіп,  Абайдың “Жидебай-Бөрілі” музей-қорығы мен Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнер музейін аралады.  
            Келесі күні экспедиция қатысушылары Абай мен Шәкәрімнің мазары мен Ұлы ақын мен жазушының мұражай-үйі орналасқан Жидебай мекенін көруге асықты. Осылайша, ғылыми танымдық сапар Күшікбай асуынан басталды. Қатысушылар қысы жазы сарқылмайтын шипалы бұлақ суынан дәм татып, ары қарай Мұхтар Әуезовтың кіндік қаны тамған жері Бөріліге, махаббат символы Еңлік-Кебек кесенесіне аттанды. 
            Ұзақ жолды еңсере оқушыларымыз сапардың басты нысаны Еуразия кіндігі, Жидебай жеріне де келіп жетті. Киелі өлкеде экспедиция мүшелері хәкім Абай Құнанбайұлының музей үйімен танысып, Ұлы ақынның және немере інісі, ақын, философ Шәкәрім Құдайбердіұлы жерленген мазар басын зиярат етті.                
            Бұл саяхаттан шабыт алған қатысушылар ТЕТ-2024 соңында «Абайдың қыздарының тағдыры мен өмірі», «Тарихи туризм – көне Абай обылысының мүмкіндіктері», «Абайдың мәдени мұрасын насихаттау құралы ретінде пайдалану» атты зерттеу жұмыстарын қорғап, «Zhebe AI», «Freestyler» сыңды жасанды интеллектпен жабдықталған гид жобаларын ұсынды. Алматылық NIS мектебінің оқушысы Алихан Шихиев өлкенің туристік нысандарын цифрландыру жұмыстарының көлеңкеде қалып қоюы жол бойындағы интернет сапасының нашарлығымен байланыстырды. Өзінің авторлық «Zhebe AI» жобасы арқылы тек музей аймақтарында ғана емес, сапардағы әр мекеннің тарихы жайлы үш тілде ақпарат алуға болады дейді.           
            Өлкетанулық-зерттеу экспедициясының соңғы күндерінде Алаш астанасының тарихына, ұлы орыс жазушысы Ф.М.Достоевскийдің өмірі мен Семей орманының флорасы мен фаунасымен танысуға және Курчатов қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы, Ядролық технологиялар паркіне бағытталды. ҚР ҰЯО эскурсия барысында оқушылар ғылыми орталықтың жұмысын, ядролық ғылым мен техниканың жетістіктерін, жарылыстар туралы тарихи сейсмограммалар мұрағаты жайлы жан-жақты ақпараттар алды. Сонымен қатар олар Семей сынақ полигонының қауіпсіздігін нығайту, радиоэкологиялық жағдайын жақсарту бағытында зерттеу жұмыстарын жасауға өз қызығушылықтарын білдірді.    
            Экспедиция соңы TEDx форматындағы  конференциямен тәмамдалды. Апта бойы жинақтаған білімдерін қатысушылар ортаға салып, саралады. Жасөспірімдер арасында Ертіс өзенінің тартылуы мен ластануына байланысты алаңдатушылық білдіргендер қатары көп болды. Түйіткілді мәселені шешу үшін Астана қаласы NIS мектебінің зияткерлері  Асылжан Сайлау мен Саян Орынбек құрамында саңырауқұлақ жіпшумағы мен жасыл балдыр бар биологиялық ыдырайтын пакет жобасын әзірлеген. Іс-шараның салтанатты жабылуында әр өңірден келген мектеп оқушылары қонақ кәде ретінде өз өнерлерін көрсетті.
            Туған жердің тарихы және өлкенің өткен заманы мен бүгінгі келбетіне зерттеу жүргізіп, оқушының танымдық көзқарасын дамытуға бағытталған жобаның берері мол. Біздің өлке тарихымен таныса отырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы жайлы мол мағлұматқа қанығатын сапар әрі қызық, әрі ғибратқа толы болды.