NIS Семей шәкірттері жоғарғы оқу орнына грант ұтып алды

Шәкірттеріміз «ENACTUS KAZAKHSTAN NATIONAL EXPO 2024» студенттік және мектептік кәсіпкерліктің, стартаптар мен инновациялардың ұлттық кубогіне қатысып, еліміздің іргелі оқу орнына грант ұтып алды.

Халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған бизнес жобаларды ұсынатын бәсекелес алаңында Ерасыл Мырхиев, Нұрсұлтан Қадірмолда, Илья Похабов, Әділ Дюсенов, Ясмин Абылғазина, Аяжан Тәңірберді, Әділ Саятұлы және Хақназар Мақсатұлы «COR Project» жобасын сәтті қорғап шықты.

NIS Семей құрамасы кәмелет жасына жетпеген оқушыларға инвестиция саласы бойынша практика алуға жәрдемдесетін сайт ойлап тапқан. Аталмыш жобаға 1 жыл бойы еңбектенгендерін де жасырмады.

Жоба идеясы 11 сынып оқып жүргенімізде пайда болды. Сол уақыттан бері осы проект бойынша жұмыс жасап келе жатырмыз. Біздің сайт арқылы 18 жасқа толмаған оқушылар инвестиция саласы бойынша білімдерін кеңейтіп, практика жасауға мүмкіндік береді. Өкінішке орай, финалға шыға алмадық. Әйтсе де, жобамыз көптің көңілінен шыға білді. Университет грантын ұтып аламыз деп ойламадық та, – деп қуанышымен бөлісті команда капитаны Ерасыл Мырхиев.

Оқушылардың туындысы бизнес  және білім беру саласындағы көшбасшылар назарын аударған. Солардың бірі –  Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті. Жоғарғы оқу орнының өкілдері жобаға қызығушылық білдіріп, қатысушы мектеп түлектеріне 4 жылдық ақысыз оқу грантын табыс еткен.

Жетістіктеріңіз құтты болсын!