“SAMGAU” түлектер форумы өтті

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде “SAMGAU” түлектер форумы кезекті мәрте ұйымдастырылды. Алтын ұямыздан әр жылдары түлеп ұшқан шәкірттеріміздің басын қосқан форум «EdGiving Alumni NIS: Artificial Intelliqense in Education» тақырыбында өтті. Форумға түлектерден бөлек оқушылар мен ұстаздар қатысты.


– Болашағын қандай мамандықпен байланыстырғысы келетін мектеп оқушысы үшін дәл осындай басқосудың пайдасы мол. Түлектеріміз шара барысында жоғары оқу орнына қандай құжат өткізуден бастап, оны қалай өткізуге дейінгі ең негізгі сұрақтарға жауап береді. Сонымен қатар, бүгінгі қоғамда қандай мамандықтар сұранысқа ие екендігі туралы да айтылады. Форумға отандық жоғары оқу орындарынан бөлек, шетелдік айтулы университеттерде білім алып жатқан және оқуды аяқтап еңбек жолын бастап кеткен түлектеріміз қатысуда, -дейді мектебіміздің кәсіби бағдарлау кеңесшісі Мәди Измаилов.


Форум гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар, инженерия, ІТ, бизнес, экономика, менеджмент-маркетинг бағыттары бойынша бірнеше секцияға бөлінді. Оларда Назарбаев Университеті, Алматы менеджмент университеті, Жапония, Катар, Гонконг, Венгрия елдеріндегі оқу орындарында білім алып жатқан түлектеріміз өз кеңестерімен бөлісті.


Форум барысында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Назым Адаспаева түлектермен мақтанатындығын айта келіп, оларға есігіміздің ашық екенін тілге тиек етті.Секция жұмыстарында түлектеріміз өздері әзірлеген ақпараттарын ортаға салып, мектеп оқушылары тарапынан қойылған сан-салалы сұрақтарға жауап берді.