«Елімнің бақытын тербеткен – Тәуелсіздік» шарасы мектебіміздің мерекеге тартуы болды.

«Тәуелсіздік» терминімен соңғы 26 жылдан бері жақсы таныспыз. Елінің азаттығы жолында бастарын бәйгеге тіккен бабаларымыздың сан ғасырлық арманы да дәл осы мамыражай, бейбіт күн еді. Ширек ғасырды артқа тастап, тарихтың жаңа парақтарына өз деректемесін жазып жатқан егемен елдің үміт артар ертеңі – жастарымыз баянды бақыттың бейбітшілікте екенін жақсы түсінеді.
Осыны ескерген Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің шәкірттері өткенге салауат айтып, келешекке үмітпен қарайды. Тәуелсіздік жылдарындағы жеткен жетістіктерді, сол шыңға жетер жолындағы есіл ерлеріміздің ерен еңбегінде дәріптеп, насихаттаудан талған емес. Еліміз үшін ең басты мереке – Тәуелсіздік күні қарсаңында мектеп ұжымы қаламыздағы Абай атындағы облыстық сазды драма –театр сахнасында «Елімнің бақытын тербеткен – Тәуелсіздік» атты драмалық – қойылым концертін өткізді.
Мерекелік шараға мектеп ұжымы, оқушылар бір кісідей атсалысты. Жиыны 120 –ға жуық адам қатысқан концерт бір күнде 2 мәрте сахналанып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
– Дүниеде «Тәуелсіздік» ұғымына пара-пар ұғым болуы мүмкін де емес. Азаттық, бостандық жайында бабаларымыз сан ғасырлар бұрын жырлап кеткен. Бүгінде бабалар арманын балалары ақиқатқа айналдырған заманда тұрақтылық салтанат құрса деймін. Бүгінгі шараның негізгі салмағы оқушыларымызға түсіп отыр. Оның да өзіндік себебі бар. Кейінгі ұрпақ жастарымыз – бұл күннің оңайшылықпен келмегенін түсінсе дейміз. Сондай –ақ мектебіміздің ұстаздар қауымы да қалыспай, өз өнерлерін ортаға салуда. Біз бұл арқылы оқушы мен ұстаз арасындағы байланысты сабақ барысында ғана емес, осындай мәдени – рухани кештерде жақындастыра түссек мақсатты көздеп отырмыз, -дейді математика пәнінің мұғалімі Нартай Шолтықов.
Нартай Советханұлының сөзінің жаны бар. Өйткені бүгінгі шараның негізгі бөлігіндегі 18 ғасырдағы Абылай дәуірін сахналауда пән ұстазы ханның рөлін керемет сомдап шықты. Көшпелі қазақ даласындағы аласапыранды тарихи қойылым арқылы көрерменнің көз алдына алып келіп, еліте жөнелген сахнаға Алаштың 5 арысы да шығып, жалынды жырларын төкпеледі.тау тұлғаларымыздың бейнесін сомдау жаста болса болашағынан үміт күттірер орта сынып оқушыларына сеніп тапсырылды.
Мерекелік шарада домбырашылар ансамблі, «Асыл», «Кәусар» би топтары, «Star» вокал студиясы, «DOS» театр студиясы мүшелерінен бөлек, дәстүрлі, эстрадалық бағытта ән шырқайтын әншілеріміз, Ә.Қашаубаев атындағы облыстық филармонияның әнші-бишілері де өнерлерін аянып қалмады.
Ұлы мереке аясында еңбекте табысты болған ұстаздар, халықаралық физика пәні олимпиадасында жүлдегер атанған шәкірттеріміз алғыс хаттармен марапатталды.

Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы
Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.