Семейлік зияткер халықаралық олимпиада да жүлдегер атанды

Мектебіміздің 12 сынып оқушысы Мұхаммадариф Сахмолдин халықаралық IOI-2022 олимпиадасының күміс медалін жеңіп алды.


Әлемдегі ең үздік 5 халықаралық олимпиаданың қатарына кіретін International Olympiad in Informatics білім бәйгесі биыл 34- ші мәрте Индонезияда өтті. 90 –ға жуық елден 350-ден артық оқушылар қатысқан бұл сында Мұхаммадариф күміс медальмен марапатталды.


– Шәкіртіміздің кезекті жетістігі бізді ерекше қуантып отыр. Олай дейтінім, Мұхаммадариф былтырғы жылы дәл осы олимпиаданың қола медаліне қол жеткізген еді. Енді міне сол көрсеткішін жақсартып, тағы бір сатыға көтерілді. Жалпы мақтаулы оқушыларымыздың қатарына кіретін оның қанжығасында информатика пәнінен республикалық және халықаралық Жәутіков олимпиадасының алтын медальдары бар. Жүлдегерді Семейге келгенде ұстаздары, сыныптастары үлкен қошеметпен күтіп алуды жоспарлап отырмыз, -дейді мектеп директоры Бағдан Қайыржанов.


Мұхаммадариф өз қарсыластарымен бірге олимпиада барысында алгоритмдік есептерді шешу және бағдарламалаудан екі күн бойы бақ сынасты.