Ақжол саған, жас түлек!

Мектебімізден 130 түлек үлкен өмірге қанат қақты. Білім ошағының ауласында олар үшін қоштасу кеші өтіп, аттестат табысталды. Мерекелік салтанатты шараға ұстаздар, ата-аналар, қамқоршылар кеңесінің төрайымы Зәуреш Исабаева қатысты.


Жиналғандарды ерекше күнмен құттықтаған мектеп директоры Бағдан Қайыржанов 11 –ші түлектерімізді аттандырып жатқанымызды айта келіп, өз қатарластарынан озық шыққан көптеген шәкірттерін тілге тиек етті.


– Кезекті оқу жылының аяқталу сәтінде білім сапасының төмендемегенін айтқым келеді. Бұл оқушыларымыздың, оларға дәріс берген ұстаздарымыздың, қолдау білдірген ата-аналарымыздың арқасында жеткен ортақ нәтижеміз. Біз мектебімізді «Алтын белгі» -ге аяқтаған сегіз, «Үздік аттестат» -қа ие болған тоғыз шәкіртімізбен мақтанамыз. Олардан бөлек, биылғы түлектеріміздің арасында республикалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар сайысының жеңімпаздары әрі жүлдегерлері бар. Шәкірттеріміздің көпшілігі қазірдің өзінде АҚШ, Гонконг, Жапония, Италия, Испания, Венгрия сынды мемелекеттердің айтулы оқу орындарына түсіп үлгерді. 30 оқушымыз Назарбаев Университетіне студенті атанып отыр. Бұл үлкен қуаныш, -деді директор өз сөзінде.


Бинура Дурунбаева, Аружан Рысаева, Бахтияр Айтқалиев, Далила Гафар, Айдана Шагманова, Айдана Жалелова, Айгерим Айтказинова, Аружан Мүбәрак сынды шәкірттеріміз «Алтын белгі» иегері атанса, Дария Асқарова, Наргиз Мерленқызы, Үкіліайым Оспанова, Кирилл Желтоухов, Асанали Патхоллаев, Аружан Сайлауова, Ринат Еркінбек, Амина Жемагулова, Ақжан Турғалимовалар «Үздік аттестат» -қа қол жеткізді.


Салтанатты шара барысында түлектерімізді ата-аналар, ұстаздар, мектебімізді бұрын бітірген түлектеріміз құттықтап ақжол тіледі.