Үш түлегіміз Линнаньда оқымақшы

Мектебіміздің 3 оқушысы Гонконгтағы Линнань университетіне оқуға түсті. Білім ошағымыздан түлеп ұшқалы отырған Дильназ Мырзахметова, Алина Серик, Махаббат Ибраимова есімді шәкірттеріміз жоғары білімді Қытайдың көне оқу орындарының бірі саналатын ортада алмақшы. Оңтүстік – Шығыс Азиядағы ең ірі оқу орындарының бірі саналатын университет қоғамдық –гуманитарлық мамандықтар бойынша дәріс береді.


– Әр мектеп түлегінің алдында болашақ мамандығына байланысты бірнеше таңдаудың тұратыны анық. Өзіме әлеуметтану мен қоғамдық қатынастар, психология және білім салалаларынан бөлек, жазушылық пен музыка сияқты шығармашылық бағыттар ұнайды. Міне осы аталған мамандықтардың меңгеруге Гонконгтағы Линнань университеті (Lingnan University) көмектеседі деген сенімдемін. Осы сенімнің жетегінде құжаттарымды тек осы оқу орнына ғана тапсырып, қойылған талаптарының барлығынан сүрінбей өтіп, оқуға түстім, – дейді Дильназ Мырзахметова.


Ал дәл осы оқу орнында білім алуды көздеген Алина Серик Канададағы Британдық Колумбия университеті (University of British Columbia) мен Сеул Ұлттық университеті (Seoul National University) тарапынан берілген гранттардан бас тартқан.


– Жоғарыда аталған оқу орындарынан шақыртулар наурыз айларынан бастап келе бастады. Бұл университеттердің барлығында оқытушы – профессорлар құрамы өте мықты. Ұстаз бен студент арасында байланыс жақсы жолға қойылған. Сонымен қатар, әрбір университеттің жетістіктері де аз емес. Осы артықшылықтар студентке мол мүмкіндік береді. Өзім бизнес және менеджмент салаларындағы мамандықтарға қатты қызығамын, -дейді шәкіртіміз.


Бізді қуантқан үшінші оқушымыз Махаббат Ибраимова өз білімін Еуропада сынап көруге бел буып, құжаттарын Дебрецен университеті (University of Debrecen), Будапешт технология және экономика университтеріне (Budapest University of Technology and Economics) өткізген.


– Мажарстанда білім алу үшін сол ел үкіметінің Қазақстан азаматтарына арналған «Stipendium Hungaricum» стипендиялық бағдарламасына қатысып, түрлі іріктеулерден өту керек. Мен бұл сыннан сүрінбей өттім. Алайда ой саралай келе, Гонконгқа баруды жөн деп таптым. Әлеуметтік ғылымға қызығатын мен үшін Линнань лайықты білімді береді деген ойдамын, -дейді Махаббат Болатбекқызы.

Осылайша, үлкен өмірге сеніммен қадам басқалы отырған шәкірттеріміз ата-аналарын ғана қуантып қоймай, ұстаздарының да сенімін ақтап отыр.


Баспасөз қызметі