Шәкірттеріміз эко-Робот макетін жасап шықты

Жер шарындағы су көздерінің ластануы ең өзекті мәселелердің бірі. Бұл осы саламен айналысушы белгілі-бір мамандарды ғана емес, Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің Аружан Қаймолдина, Нұрбол Мақтаев есімді оқушыларын да алаңдатады. Осыған байланысты олар қайта өңделген пластикалық бөтелкелерден жасалған табиғи су қоймаларын қоқыстан тазалауға арналған құлтемір (робот) макетін құрастырып шығарды.

– Негізгі тіршілік көздерінің бірі –судың ластануы туралы ақпаратты оқығанымда өз көзіме өзім сене алмадым. Осының барлығы адамның, яғни өзіміздің қолымызбен жасалатындығы өте өкінішті. Сол үшін қалайда бір әрекет жасауды ұйғарып, осы жобамен өткен жылдың қыркүйек айынан бастап айналыса бастадым. Идеямды жыл сайын мектебімізде өтетін жас өнертапқыштар күнінде көпшілік назарына ұсындым. Қорғаған жобам сайыста жеңіске жетіп, ұстаздарымыз бен достарымның қызығушылығын тудырды. Осының барлығы менің макетті жасауыма алып келді. Дегенмен макетті жасау барысында көмекші қажеттілігі сезіліп, Нұрболға ұсыныс жасадым. Ол қолдау білдірді, – дейді 9 сынып оқушысы Аружан Қаймолдина.

Нұрбол Мақтаев – WRO-2020 дүниежүзілік LEGO роботтар олимпиадасының жүлдегері. Құлтемір жасаудың шебері десе де болады. Бұған дейін бірнеше құлтемірдің макетін әзірлеген.

– Біздің мақсат судың бетінен және оның түбінен қоқыс жинайтын және сонымен бірге су қоймасының экологиялық жағдайын бақылайтын роботтандырылған кешен құру. Біз алдымен жұмыс моделін жасай бастадық. Роботтандырылған кешеннің өзі екі бөлікке бөлінді: аэроқайық және жылжымалы қалқымалы механизм. Аэроқайық роботты кешенді су қоймасы арқылы берілген маршрут бойынша жылжыту функциясын орындады. Жылжымалы қалқымалы механизм су астындағы және үстінде қоқыс жинауды қамтамасыз етеді. Біздің роботтандырылған кешен су астындағы және үстіндегі қоқыстарды жинап, бейнекамералар көмегімен су асты әлемінің жағдайын, оның фаунасы мен флорасын бақылайды, – дейді жоба авторларының бірі, 11 сынып оқушысы Нұрбол Мақтаев.


Жас зерттеушілердің ендігі жоспары токсиндер мен зиянды химиялық қосылыстардан тірі ағзаларға зиян тигізбейтін немесе әсер етпейтін суды тазартатын химиялық заттарға IGW қосу. Сонымен қатар жобаны жетілдіріп, «Дарын» сайысына қатысу және жобаны патентке ұсыну.

Баспасөз қызметі