Даңқты балуан бізде қонақта

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде ерекше кеш өтті. Кеште мектеп мұғалімдері мен оқушылары еліміздің мақтанышы, даңқты балуан Айбек Нұғымаровпен кездесті. Шараның өтуіне жатақхана тәрбиешілері ұйытқы болды. Қазақ күресінің майталманы, еліміздің, Азияның бірнеше дүркін чемпионы, «Қазақстан барысы», «Еуразия барысы», «Әлем барысы» сынды байрақты бәсекелердің жеңімпазы әрі жүлдегерімен жүздесу әсіресе оқушылар үшін әсерлі өтті.

– Кездесуді ұйымдастыру көптен ойымызда жүрген. Әріптесім Гүлнар Жомартқызы екеуміз ақылдаса келіп, бір өзгеше жүздесу болсын деген оймен еркін сұхбат жасауды ұйғардық. Ел намысын абыроймен қорғап, халқының сүйікті ұлына айналған балуанмен кездесудегі мақсатымыз – өскелең ұрпаққа Айбек Нұғымаровтың өмір жолын өнеге ету. Сол арқылы салауатты өмір салтын насихаттау, шәкірттерімізді туған елге қызмет етуге тәрбиелеу, – дейді шараны ұйымдастырушылардың бірі, жатақхана тәрбиешісі Айжан Мұқатова.

Кездесу басталмас бұрын балуанға мектеп жатақханасыынң бүгінгі тыныс-тіршілігі таныстырылды. Жатақханадағы жарқын істерді меңгеруші Қалжан Омарбаева түсіндіріп, шәкірттеріміздің «екінші үйі» жайлы мол мағлұмат берді. Балалар үшін жасалып жатқан қамқорлыққа өз таңданысын жасыра алмаған қонағымыз үлгі алуға болатын дүниенің көп екендігін атап өтті.

– Мені кездесуге шақырушылар көп. Шамамның келгенінше меселдерін қайтармай баруға тырысамын. Соның ішінде сіздердің мектептеріңіздің шақыруын әрқашан ыстық ықыласпен қабылдаймын. Өйткені, сіздерде білім алатын балалардың дені ертеңгі еліміздің әр салада дамуына үлес қосатын алғыр шәкірттер. Мен бүгінгі кездесуімде іні-қарындастарыма ағалық ақылымды айтып, болашақ өмірлеріне ерік-жігер берсем деймін. Еліміздегі әрбір жас Отанымыз үшін аянбай еңбек ету керек деп білемін, – дейді Айбек Серікболұлы өз сөзінде.

«Құрмет» орденінің иегері, қазақ күресінен ҚР еңбегі сіңген спорт шебері атанған қонағымызбен жүздесу шынымен қызыққа толы болды. Балуан жайлы оқушыларымыздың зерттеу жұмыстарынан мәлімет беріліп, қуыршақ театрының күшімен «Менің атым Қожа» фильмінен үзінді көрсетілді. Күресті серік еткен оқушыларымызға шеберлік сағатын өткізген балуан қонақкәде жасауды да ұмытпады.

Шәкірттеріміз әннен шашу шашып, 7 сынып оқушысы Шыңғыс Тоқанов өз арнауын жүрекжарды өлең жолдарымен жеткізді. Сондай-ақ, өнерлі оқушыларымыздың қолынан шыққан балуанның портреті салынған сурет естелікке тарту етілді. Шара естелік фотоға түсумен қорытындыланды.

Баспасөз қызметі