Зияткерлік мектеп республикалық акцияға қатысты

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі мектеп ауласына 300 түп қарағай көшетін отырғызды. Шараға атсалысқан “Семей орманы” мемлекеттік орман табиғи резерваты ММ  «Жаңа Семей» филиалының қызметкерлері оқушыларға қарағай көшеттерін отырғызу технологиясын үйретіп, жасыл желекті орманды сақтау жолында атқарылып жатқан шаруалардан хабардар етті.

– Мектеп ауласына қарағай көшеттерін отырғызу идеясы – «NIS Teacher Volunteers» желілік клубына тиесілі. Клуб жақында ғана құрылып, өз жұмысын енді ғана бастаса да, құрамына Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Тараз, Петропавл, Семей қалаларындағы Зияткерлік мектептердің 45 ұстазын біріктіріп үлгерді. Клубты құрудың басты мақсаты – оқушылардың еріктілер жұмысына қатыстыра отырып, олардың  белсенді азаматтығын  дамыту, – дейді «NIS Teacher Volunteers» желілік клубының жетекшісі Жазира Құрманова.

Көшет отырғызуға  мектеп директоры Бағдан Қайыржановта қатысып, алдағы уақытта да бұл жұмыстардың жалғаса беретіндігін атап өтті. Сонымен қатар, ол көшетті отырғызып қана қоймай, оны күтіп-баптау, өсіру маңызды екендігіне тоқталды.

– Елімізде «Жалпықазақстандық орман отырғызу күні» басталды. Акцияның жоғары деңгейде өтуіне көмек қолын созған Зияткерлік мектеп басшылығына, мұғалімдер ұжымы мен оқушыларға үлкен алғысымызды білдіреміз, – дейді “Семей орманы” мемлекеттік орман табиғи резерваты ММ «Жаңа Семей» филиалы директорының орынбасары Сымбат Ағламбеков.

 

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі