Менің есімде. Мен мақтанамын!

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы аға буынның ерлігін есте мәңгі қалдыру мақсатында Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі орыс тілі әдістемелік бірлестігі тың жобаны қолға алды. Білім ошағымыздың 7 сынып оқушылары «ҰОС және менің отбасым» атты жобаның аясында «Менің есімде. Мен мақтанамын» тақырыбында шара өткізді. Жобаға ұсынылған 60 баланың жұмысынан тек 18-і ғана іріктеліп алынған екен.
Біз бұл шараны негізі былтыр ұйымдастырғанбыз. Бірақ ол сабақ барысымен шектелген. Сабақта әр оқушы соғысқа қатысқан аталары, әжелері жайлы шығарма жаздырғамыз. Ал биыл мектеп көлемінде өткізуді жөн көріп, әр қоңырау сайын дәлізге шыққан оқушылар, ұстаздар үшін жобаға қатысушылар тамаша тарихи деректерді жеткізуге тырысты. Біз осы арқылы оқушыларымыздың бойына үлкенге құрмет, сыйласымдылық сынды адами қасиеттерді сіңіргіміз келді. Тағы бір атап өтерлігі – өз ата-әжелері жайлы деректерді іздестіру жұмысы кең көлемде жүргізілгені. Мәселен, шәкірттеріміз өздеріне қажетті ақпараттарды отбасындағы үлкендерден естуден бөлек, ғаламтор беттері, жергілікті мұражайлардан тапқан. Бұл да ізденушілік дағдыны қалыптастырады, -дейді орыс тілі әдістемелік бірлестігінің жетекшісі Нала Смағұлова.
Жобаға қатысушылар өзі таныстырғысы келетін ардагердің өмірбаяны, соғыста жасаған ерлігі, соғыстан кейінгі жылдардағы еңбегі жайлы айта келіп, жеңіс күні турасында өз ойын ортаға салады.
Ару Кожакимова жобаға қатысушылардың қатарынан. Өзінің бабасы Жакпек Шалабаев жайлы таныстырылым әзірлеген ол біраз деректерге қаныққан
– Бабам Жақпек Шалабаев 1914 жылы дүниеге келген. Ауыл мектебінде мұғалім болып еңбек еткен. Майданға институт қабырғасында жүргенде алынған екен. Білуімше танк жүргізген. Екі мәрте танкісі өртеніп, содан аман шыққан екен. Алайда 1944 жылы қатты жараланып, госпитальде көз жұмыпты. «Ленин», «Алтын жұлдыз» ордендерімен марапатталса керек. Аға лейтенант әскери шеніндегі атам 1985 жылдың 8 – қаңтарында «Кеңес Одағының батыры» атағы кеште болса берілді, – дейді Ару өз сөзінде.
Ерлікке тағзым еткен жоба көпшіліктің көңілінен шыға білді.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
 Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі