«Жас ұстаз: табысқа апарар жол» атты облыстық форумы өтті

Мектебімізде Абай облысы жалпы білім беретін ауыл мектептері жас педагогтеріне арналған «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» атты облыстық форум ұйымдастырылды. Форумға 120 –дан артық делегат қатысты. Еңбек жолы енді ғана басталған жас мамандарға аға буын, білікті әріптестерінен әдістемелік іс-тәжірибе алмасу мен жастарға педагогикалық кәсіптің табыстылығына бағдар беру, кәсіби даму мен әл-ауқатын арттыруға ынталандыруды мақсат еткен шара мазмұнды әрі мағыналы өтті.


Жастарға жалынды сөздері мен өмірлік тәжірибелерімен бөлісу үшін филология ғылымдарының кандидаты, Абай облыстық мәслихатының депутаты, ІІ дәрежелі “Барыс” орденінің иегері, М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің директоры Шағангүл Жанаева, «Қазақстан» РТРК» АҚ Абай облыстық филиалының директоры, “Ақпарат саласының үздігі” төсбелгісінің иегері Хасен Молдабаев, «Жылдың үздік ауыл әкімі» республикалық байқауының жеңімпазы, Ақсуат ауданы Кіндікті ауылдық округінің әкімі Мирас Дәуренбекұлы шақырылды.


Форум аясында мәртебелі меймандардан бөлек мектебіміздің директоры Наркен Буркенов, Облыстық инновациялық-әдістемелік орталықтың директорының міндетін атқарушы Айнұр Исабаева, Өскемен қаласындағы педагогикалық шеберлік орталығының директоры Кульфарида Раисовалар сөз алып, ұстаздық жолдың оңай емес екенін, белгілі-бір нәтижеге жету үшін іздену мен үздіксіз еңбек ету керектігі жайлы ой қозғады.


– Мұғалім – мемлекетті қалыптастырушы тұлға. Бүгінгі қоғамның айнасы деуге болады. Оның қоғамдағы рөлі, мәртебесі әркезде де жоғары. Алаш арыстарының бірі Мағжан Жұмабаев атамыздың «Алты Алаштың баласы бас қосқанда төр –ұстаздікі» деген қағидасы әлі өзінің күшін жойған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ел көлеміндегі алқалы жиындарда мұғалім мәртебесіне ерекше тоқталуы осының дәлелі. Бүгінгі жас ұстаздар «Жаңа Қазақстанымыздың» іргесін бекітуші өскелең ұрпақты тәрбиелеуші. Сондықтан бұларға артылып отырған жауапкершілік зор. Осы жауапкершілікті абыроймен көтере білу керек, -деді білікті ұстаз Шағангүл Алдамжарқызы өз сөзінде.


Форумға қатысшылар күннің екінші жартысында «Жас педагогтің кәсіби дамуы: оқыту және үйрену», «Педагогтің құндылық бағдарлары» жобалық сессияларының жұмысы алаңдарында жұмыс жасап, соңында жобалық сессиялар жұмысының қорытындыларымен таныстырды. Үздік жұмыстар облыс мектептерінде іске асырылатын болады.