Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің бір топ мұғалімі “Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту” жобасына әдістемелік қолдауды іске асыру мақсатында Ақсуат ауданына барып қайтты. Аталған аудандағы Қожагелді батыр атындағы орта мектеп тірек мектебі болып саналады.
Жауапты сапарға математика пәнінің мұғалімі Д.Абдрахманов, информатика пәнінің мұғалімі М.Оңдасынов, физика пәнінің мұғалімі С.Байсеитова, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Н.Кунебаев, ұйымдастырушы-педагог-куратор А.Ибрагимова, халықаралық ұстаз Torrilla Marcel Fulgencio қатысты. 6 сынып оқушыларына Назарбаев Зияткерлік мектептері туралы жан-жақты ақпарат берумен қатар, әр мұғалім өз сабақтары бойынша ауылдағы әріптестеріне іс-тәжірибелерімен бөлісті.
-Біздің 2 күндік жұмыс сапарымыз сәтті болды деуге болады. Әріптестерім көздеген мақсатқа жетті деп ойлаймын. Мәселен, бір ғана сынып жетекшілеріне арналған тәжірибе алмасу барысында әр сыныптың жасерекшелігіне негізделген мектеп концепциясы туралы айтылды. Тәрбиелік іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу әдістері, желілік тәрбие жобалары таныстырылды. Түрлі белсенді қозғалыс ойындары ойналды. Жиналған ұстаздар тәрбие жұмысындағы құндылықтар жайлы пікір алмасып, ойларымен бөлісті, -дейді ұйымдастырушы-педагог-куратор Алмагүл Ибрагимова.