Ильяс пен Мансур Панамаға жолдама алды

Мектебіміздің 10 сынып оқушылары Ильяс Махатов пен Мансур Асылбеков робот құрастырушылардың әлемдік бәсекесінде бақ сынайды. «World Robot Olimpiad-2023» жарысы ағымдағы жылдың қараша айында Панама елінде өтеді деп жоспарланып отыр. Шәкірттеріміз бұл құрметке олимпиаданың республикалық кезеңінде көрсеткен жоғары нәтижелерінің арқасында ие болды.


– «Әлемді біріктіреміз» тақырыбында өткен жарысқа 1000 –ға жуық оқушы қатысты. Көршілес Тәжікстан Республикасынан 2 команданың келуі олимпиаданың қай деңгейде өткенін аңғартады. 2 күндік жарыстың қорытындысы бойынша Ильяс пен Мансурдан құралған «idk» командасы «RoboSports» санаты бойынша жүлделі ІІ орынға ие болды. Ел құрамасына алынған олар қазір халықаралық сынға дайындалып жатыр, -дейді оқушыларымыздың жетекшісі Мирас Оңдасынов.


Назарбаев Зияткерлік мектептері 2013 жылдан бері «World Robot Olimpiad» жарысын елімізде өткізудің ұлттық үйлестірушісі болып табылады. Ал, Панамада өтетін олимпиадаға әлемнің 90 –нан аса мемлекеті өз үміткерлерін жібермек.