Халықаралық статус расталды: Ақтөбедегі NIS CIS аккредитациясын алды

15 қараша 2024 10:00

Ақтөбе қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебі Халықаралық мектептер кеңесінің (CIS) аккредитациясынан сәтті өтті.

Еске салсақ, 2024 жылдың 5-11 қазан аралығында Council of International Schools (CIS) ұйымының сарапшылары Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне аккредитациялық сапармен келген болатын. Сарапшылар апта бойы мектептегі оқу-тәрбие барысын, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін бақылап, саралады. Сонымен қатар білім сапасын жақсартуға байланысты ұсыныстарын да білдірді.

«Халықаралық білім беру стандарттарына сай болу – білім сапасының жоғары екенін дәлелдейтін бірден-бір көрсеткіш. Осы орайда шәкірттер мен ұжымдастарыма алғыс білдіремін» - деді мектеп директоры Қайырбек Буксукбаев.

Айта кетейік, Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебі халықаралық аккредиттеу сертификатын алғаш рет 2017 жылы алған болатын.

CIS — халықаралық білім беру жүйесіндегі мектептерді аккредиттеу және оқытудың озық әдістерін әзірлеумен айналысатын ұйым. Бүгінде оның құрамына 124 елден 1545 мектеп пен университет енген. Әлемнің ең озық университеттері CIS-те аккредиттелген мектептердің студенттерін толығымен мойындап, қабылдауға асығады.