«АфорБот» жобасы авторлық құқыққа ие болды

project
Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Ахмет Қуантқан мен Рашид Ташир Алаш афоризмдері орнатылған ұялы телефонды қуаттайтын «АфорБот» жобасын ойлап тапты. Жобаның мақсаты Алаш афоризмдері қондырғысын орнату арқылы кез-келген ортада ұялы телефонды қуаттау арқылы қазақ афоризмдеріне деген сұраныс пен тәуелділікті арттыра отырып, жалпы халықтың сөйлеу мәнерін, тіл байлығын, сөздік қорын дамыту, қазақ тілінің аясын кеңейту. Қазақ халқының қанатты сөздерін күнделікті өмірде қолдану арқылы жастарды көркем сөйлеуге тәрбиелеу. - Алаш зиялыларының саяси және рухани күресіндегі негізгі мақсат, орасан міндет, ол ұлтымызды ұйыстыру, сол арқылы елдігімізді айқындау десек, онда осындай ұланғайыр сауапты істің аясында ана тілімізді сақтау мәселесі тұрды. Алаш қайраткерлерінің ізін жалғау, ана тіліміздің жаңа деңгейге шығуына ат салысу біздің міндет. Сол себепті де осы жобаны дайындадық. Ғылыми жобаның басты мақсаты Алаш зиялыларын қоғамда насихаттау, олардың ұлағатты сөздерін ұлт жастары білсе екен деген ниет,- дейді жоба авторы Рашид Ташир Алматы қаласында өткен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы филиалдарының оқушылары арасында жалпы білім беретін пәндерден желілік ғылыми жобалар байқауында «АфорБот» жобасы үздік деп танылып, бірінші орынды иеленді. Сондай ақ Зияткерлік мектеп оқушылары Ұлттық зияткерлік меншік институтының шешіміне сәйкес «Афорбот» қондырғысына авторлық құқық алған болатын. - Ұялы телефон қуаттайтын «АфорБот» құрылғысын қоғамдық орындарда, ашық алаңдарда, парктерде, автобус бекеттерінде қою жоспарда. Дәл қазір осы жобаны жүзеге асыру мақсатында авторлық құқыққа ие болдық,- дейді Ахмет Қуантқан Оқушылар аталған жобалары үшін Республика күніне орай «Ақ Жол» Қазақстан демократиялық партиясы атынан еліне мінсіз қызмет еткен Алаш арысы, ұстаз Перуаш Кәрімұлы құрметіне шығарылған «Алаш құрбандарына тағзым» атты төсбелгісімен марапатталды.