Адамның бәрі тең

Әр адам жеке тұлға, ерекше жан, оның жүрегі толған құпия мен жұмбақтар. Солардың бірі  – Семей қаласындағы есту қабілеті бұзылған (естімейтін) мектеп интернатының оқушылары. Денсаулықтарында кінәраты болғанымен, өмірге деген құлшыныстары жоғары, жаңалыққа жаны құмар замандастарымызбен көптен доспыз.  Жуырда мектебімізге саяхаттап келген олар  «Жидебай» шаңырағының 9 «А», 7 «Д», 9 «Л» сынып оқушыларымен кездесті. Саяхат барысында Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларының өмірімен таныстырдық.
Қонақтар өз мектебіне ұқсастықтар тауып, тек білім ұямыздың ғимараты қаншалықты үлкен екеніне тамсанды. Адамгершілік, достық, бауырмалдық қасиеттерімізді арттыру мақсатында, «Импульс» ойынын ойнадық. Ойын аяқталғаннан кейін оқушылар қабілеттеріне байланысты үш топқа бөлінді: 1 топ «Шебер» үйірмесіне, 2 топ «ART» 3Д форматта сурет салу, 3 топ «Қыш шеберханасымен» жұмыс жасады. Әр топ жаңа жылдық ойыншықтар жасап, жұмыстарына риза болды.
Саяхатымыз аяқталғанда балалар сыйлыққа бояулар алып, жылы лебіздер естіді. Күн бейнесіндегі рефлексия қағаздарына өз ойларын бүгінгі күннен алған керемет, шынайы әсерлерін жазып, жапсырды. Мейірімді, шыншыл тілектері келесі кездесуді асыға күтуге себепкер болғандай. Кейбірі өз ойын ортаға салуға тырысса, енді бірі алғысын жеткізді. Тіптен кейбіреуі жүрекжарды тілектерін ағылшын тілінде айта білді. Болашақта олардың ағылшын тіліндегі сөздік қорын молайтуға көмектесе аламыз деген үміттеміз. Олармен әңгімелесе келіп, екеуара достығымыз нығайа түсті. Шынымен де, бір – бірімізді түсінуге деген ынта бәрінен артық. Бізді естіп, толық түсіне алмаса да, асқан мұқияттылықпен тыңдап, қолдап, жүздеріндегі күлкімен жүрегімізді елжіретті.
Бұл кездесу арқылы балалар адам баласының бәрі тең екендігін анық сезінді.

Аружан Мүбәрак,
9 «А» сынып оқушысы.
Н.Сұлтаева, Н.Орынбекова,
жоба координаторлары