Алаштың білім ордасынан алған әсеріміз мол

[metaslider id=”8347″]

Семейді еліміздің рухани орталығы деп бекер атамаса керек. Тарих, мәдениет, саясат, ағартушылық қызметтің бастау алған мекені. Шынымен  Семей алаш зиялыларының білім нәрімен сусындаған, Абай атамыздың туған жері ретінде танымал қала.
Бүгінгі Семей инфрақұрылымы дамыған, кең алқапты саябақтар мен көрікті мекендерге бай еліміздің тарихи және мәдени орталықтарының бірі. Қаламызда  байырғы өлкетану мұражайы, Абай мен Ф.М. Достоевский мұражайлары, Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері мұражайы бар. Сондай тарихы мен тағылымы мол орынның қатарына М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжді жатқызуға болады. Бұл колледжде қазақтың ұлы зиялылары, ақын, академик, журналист, ағартушы, жазушы, ғалымдары білім алып, тіптен еңбекке де осы жерде араласқан. Көрнекті тұлғалардың білім алған оқу орнымен танысу мақсатында  Семей қаласындағы физика -математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары жатақхана тәрбиешілерімен бірге танымдық саяхат ұйымдастырды.
Ашылғанына биыл 115 жыл болған колледжді аралай жүріп, тек қана білім беру мекемесінің ғана емес одан бөлек көне қала тарихымен, бір ғасыр бұрын өмір сүрген қала халқының тұрмыс-тіршілігімен жақынырақ таныстық. Еліміздің қоғамдық-мәдени өміріне белсене араласып, оның дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген  ұлт мақтаныштары Әлкей Марғұлан, Қаныш Сатпаев, Жүсіпбек Аймауытов, Тайыр Жомартбаев, Ахат Құдайбердиев, Шырақбек Қабылбаев, Халел Ғаббасов, Әзілхан Нұршайықов сынды тұлғалардың өмірі, қызметі жайлы ақпараттармен қанықтық. Колледж мұражайында сақталған фото, құнды құжаттарды көріп, көптеген мәліметтер алдық. Олардың тарихта қалдырған ерен еңбектері, мұралары жайлы білу бізге ерекше әсер сыйлады. Ел мен жерді, ұлтты сүюді үйреткендей болды. Білім мен ғылымға, әдебиет пен мәдениетке қоғамға енгізген жаңалықтар мұражайды аралаған әрбір замандасыма үлкен сабақ болды деген ойдамын.
Ең бастысы – М.Әуезовтің өнегелі өмірінен толыққанды сыр шертетін деректерге құлақ түріп, көкейге түюіміз біздің сапардың жемісі дер едім.
Саяхатымыздың шеңберінде киелі қара шаңырақтың кітапханасына да бас сұғып, колледждің өмірлік азық кітапқа бай екендігіне куә болдық. Қордағы кітаптар саны, олардың орналасуы біздің таңданысымызды тудырды. Әр тарихи тұлғаның есімі берілген атаулы аудиториялар, мәжіліс залы, спорт залы, кітапхана,  М.Әуезов ескерткіші, Достық аллеясы, мемориалдық тақталар сән-салтанатымен ерекше үйлесімділікке толы көріністер. “Мың естігеннен, бір көргенді” жөн санаған біздің сапарымыз сәтті болып, қаламыздағы ғана емес, еліміздегі маңдайалды оқу орнының бүгінгі жай-күйімен етене таныстық. Осы мүмкіндікті тудырған колледж басшылығына, ұжым мүшелеріне, сондай-ақ жатақханамыздың тәрбиешілеріне үлкен алғысымызды айтамыз.

 

Жансая Төлеуова,

9 «М» сынып оқушысы