Домбырашылар флешмобы Тұңғыш Президент күніне арналды.

[metaslider id=”8379″]

ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай, Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары ауқымды шара ұйымдастырды. Қала орталығындағы ірі сауда үйінің бірінде өткізілген желілік домбырашылар флешмобы әр көрерменнің көңілінен шығып, нағыз мерекелік әсер сыйлады. «Ұлы дала мұрагерлері» атауымен өтетін дәстүрлі флешмоб халық және бүгінгі қазақстандық компазиторларының туындыларын дәріптеуге мол мүмкіндік береді.
Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатына қолдау білдіру, ұлттық аспабымыз домбыра мен өнеріміз күйді насихаттауды көздейтін шара арқылы оқушылар бойына отансүйгіштік, елжандылық қасиетті сіңіру мақсаты да басты назарда.
-Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушылары үшін қолға алынған «100 күй» жобасы ұтымды жоба деп айтуға болады. Осы жобаның арқасында қаншама бала қолына домбыраны алғаш рет ұстайды. Күй құдіретімен танысады. Күйдің шығу тарихы, оның авторы жайлы да деректерге қанығады. Биылғы флешмобқа дайындықты ағымдағы оқу жылы басталысымен кіріскенбіз. «100 күй» жобасына енген күйлерді іріктей келіп, бірнеше күйді таңдап алдық. Оның қатарындағы Құрманғазының «Адайын» 7-8 сынып оқушыларынан құралған домбырашылар оркестрі, Байжігіттің «Көксерке» күйін мұғалімдер орындайтын болады. Дегенмен, біз жергілікті танымал тұлғалардың күйлерін орындауды  ұмытпаймыз. Мәселен, көпшілік Абай атамыздың да күйі бар екенін біле бермейді. Ал біздің оқушылар ақынның «Тор жорға» күйін тарту арқылы көрерменге ұлы ойшылдың тағы бір қырын ашып көрсетеді. Өткізіліп отырған флешмобтың ұтымды тұсы да көне күйлерді осылай жаңғыртуда деп білеміз, -дейді домбыра үйірмесінің жетекшісі Мадияр Аширов.
Флешмобқа қатысатындардың жалпы саны -180 оқушы. Негізінен мектебіміздің төменгі сыныбынан құралған олар соңғы 3  айда үйренген білімдерін сынап көрмек. Шарада домбырашылар оркестрінен бөлек  «Ұлы дала қырандары» халықаралық өнер сайысының бас жүлдегері,7 сынып оқушысы Абданур Аязбеков Секен Тұрысбековтің «Көңіл толқыны», қобыз үйірмесінің жетекшісі Жанель Асқарова Ықыластың «Аққу» күйлерін жеке орындады. Шараның тартымдылығы соншалық сауда үйіне келген әр адам қол соғып, қошемет көрсетті.

Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы
 Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.