Ақын шығармашылығына арналған кеш

Бүгінгінің от тілді, орақ ауызды ақыны – Мұхтар Шаханов. Өткен ғасырдың 60- шы жылдарында қазақ әдебиетінде жарқ етіп шығып, күні бүгінге дейін жалынды жырларымен өлеңсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп келеді. Ақынмен заманы бір аға буынды айтпағанда, кейінгі толқын өскелең ұрпақтың өзі Мұхтар шығармашылығына тәнті болып, оның әр өлеңіне ғашық. Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары арасында сол жастардың бір шоғыры бар. Міне солар жуырда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Манабаеваның жетекшілігімен «Ұлт тілін ұлықтаған ақын» атты әдеби-сазды кеш өткізді.  Тағылымды-тәрбиелік мәні зор кешке оқушылардан бөлек, ақын өлеңдері мен әндерін жатқа білетін ұстаздар қауымы да белсене қатысты.
Кеш мектебіміздегі алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Қуаныш Мұхамадиевтің ақын қоржынындағы «Отырардың күйреуі» поэмасын оқумен ашылды.  Оқушыларымызды әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеуде тынымсыз еңбек етіп жүрген ұстаздың ерлік пен елдік, бірлікті дәріптеген тарихи дастанды жатқа оқуының өзі талай жайтты аңғартса керек.
– Кешті өткізу ойымызда көптен бері жүрген. Оқушыларымыз да бұл кешке тыңғылықты даярланды. Тіптен бүгінгі кештің өту барысының өзін өздері жазып шықты. Біз осы кеш арқылы шәкірттерімізге Шаханов шығармашылығына терең үңіле отырып, сөз өнерімен өрнектелген әдемілік пен тарихи шындықты түйсіне білуге баулимыз. Ақынның шыншыл шығармалардағы адалдыққа, адамгершілікке, отансүйгіштікке шақырған сөздері арқылы адами қасиеттерді сіңіруді көздейміз, -дейді пән мұғалімі Айгүл Бағдәулетқызы.
Хәкім Абай атамыз атап өткен «Өлең –сөздің патшасы» екендігі бүгін анық дәлелденді. Неге десек, қай қоғамның болсын келбетін ешбір бұлтартпай бейнелетін ақын өлеңдерінің көбі мектеп оқушыларының орындауында оқылды. Солардың қатарында «Түсінісу теоремасы», «Желтоқсан тағылымы», «Бір қазақтың екі ақыны біргеміз», «Өзендер», «Ғайша», «Алтын, күміс және қалайы» атты жауһарлары бар. Бұдан бөлек, «Әке туралы жыр», «Туған күн кешінде», «Кешікпей келем деп ең», «Рух пен тіл», «Ақ бантик» әндері нақышына келтіріле орындалды.
Тіптен мектеп жатақханасының меңгерушісі Қалжан Омарбаева ақынмен кездесу сәтінен естеліктерімен бөлісіп, Мұхтар Шахановтың елін, жерін сүйетін нағыз патриот азамат екенін айтуы залдағы әр адамға ой салғаны анық. Рухани азығы мол кеш 1 сағатқа созылып, шара аяқталысымен белсене қатысқан оқушыларға Алғыс хаттар табысталды. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта дәл осындай тәрбиелік мәні жоғары кештерді өткеруді жоспарлап отыр.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.