Тәрбие мен кәсіби бағдарлауға бағытталған экскурсия

Барлығымыз асыға күткен күзгі демалысымызды пайдалы өткізуге тырыстық. Мәселен, мектебіміздің 10«В» және «Е» сыныптарының биология пәнін профиль ретінде таңдаған оқушылар қаламыздың «МаДент 32» тіс емханасына саяхаттап бардық. Негізгі мақсат – тіс дәрігері мамандығы жайлы білу, негізгі атқаратын жұмысы мен міндеттері, мамандық таңдауда неге көңіл бөлгеніміз жөн, дәрігердің бойында қандай әдеттер мен қасиеттер болуы қажет деген сынды сұрақтарымызға жауап іздедік. Тіс емханасының иесі –  сыныптасымыз Мәди Руслановтың ата-анасы.
Емханаға кіргеннен мекеме басшысы Нариман Русланұлы жылы қарсы алып, ұжым мүшелерімен таныстырды. Емханадағы әр кабинетті араладық. Дәрігерлер өз мамандықтарының қыр-сырымен бөлісті. Бұл мекемеде еңбек ететін дәрігерлер  өз мамандықтарын жан тәнімен сүйетін адамдар болып шықты. Олар әр 5 жыл сайын біліктіліктері бойынша аттестациялаудан өтеді.
Тіс дәрігері Клара Асылбекқызымен тілдесе отырып жалпы мамандық, еңбек жолы жайлы әңгімелестік.  «Мен үшін өз мамандығым бойынша әркез іздену басты шарт. Өйткені, біздің салада көптеген жаңа инновациялар мен жаңалықтар ашылып жатады. Өз мамандығыма деген сүйіспеншіліктің арқасында маған келген адамдарды емдегенше асық боламын. Олардың сауығып, алғысына ие болу мен үшін  ең қымбат жетістік», – дейді дәрігер. Осы кезде мектебіміздің «өмір бойы оқу» деген құңдылығының маңызын түсінгендей болдық. Тіс дәрігері ретінде 15 жылдық еңбек өтілі бар Серік Болатұлының  да өз айтары бар. Оның сөзіне ден қойсақ, адам тістің саулығына жастайынан ерекше назар аударғаны дұрыс екен. Тіске арналған протездардың әртүрлі болатындығын, олардың түрлі материалдардан жасалатындығын да соы жерде білдік
Мамандықтар легімен танысуға бағытталған сапарымыз – Семей мемлекеттік Медицина университетінде жалғасты. Тіптен халықаралық мұражай мен анатомиялық мұражайлардағы экспонаттармен танысудың сәті түсті.  Университеттің  оқу-клиникалық орталығы бізге өте қатты ұнады.
Ал салалық пән ретінде  физика пәнін таңдаған оқушыларымыз «Semey Enginering» зауытына барды. Аталған зауыт танкілерді ремонттаумен айналысатын Орталық Азиядағы жалғыз кәсіпорын. Зауыт стратегиялық маңызға ие болуына байланысты  фотоға түсу қатаң тыйым салынған. Алғаш рет келіп отырғаннан кейін бе, зауыттың ішіндегі өмір қатты ұнады. Алдымен қауіпсіздік ережелерімен танысып, барлық цехтардың жұмыс барысымен таныстық.  Зауыттың алып жатқан жер көлемі өте үлкен, бұл жерде кезекпен жүзден аса жұмысшы еңбек етеді. Танкілерді жабдықтауға арналған құрылғыларды,  олардың  қызметтерімен жақын хабардар болдық. Арнайы тазалау әдістері мен тотты кетіретін жабдық жайлы естідік. Дақтарды кетіру үшін қатты қысыммен құм ұнтақтарын пайдаланатындығын білдік. Зауытта инженерлердің жұмысы үлкен жауапкершілік пен шыдамдылықты қажет етеді. Сонымен қатар әр жұмысшыға көшбасшы да бола білуі керек. Оқушылар еңбекақы, жұмыс уақыты мен жұмыс көлемі, көшбасшының бойында болуы керек негізгі қасиеттер жайында  сұрақтар қойды.  Мадақтау ретінде зауыт әкімшілігі үздік жұмыс атқарған жұмыскерлерді іс-тәжірибе алмасу үшін шетелге жібереді екен. Соның арқасында зауыт жұмысшылары өз тәжірибелерін Белоруссия және Өзбекстандық әріптестерімен үнемі алмасып отырады.
Болашақта әлі де көптеген экскурсиялар болады деп үміттенеміз.

Айша Смағұлова,
Алина Серік
10 сынып оқушылары