Гонконгтан сәлем!

Білім ошағынан алыстаса да, түлектермен арадағы байланысты күшейтіп, тығыз – қарым-қатынаста болу Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің негізгі ұстанымдарының бірі. Биылғы оқу жылы бастала салысымен Абу-Даби қаласындағы Нью-Йорк университетінде білім алып жатқан Тенгиз Ибраевпен скайп арқылы тілдескен мектебіміздің жоғарғы сынып оқушылары «PolyU» Гонконг университетіне  биыл түскен түлектерімізбен онлайн кездесу өткізді. Туған елден жырақта студент  атанған  Әлия Тұманбаева, Гүлім Қабденова, Балжан Амангелдиналар оқу орнына түсу жолдары, студенттік өмір жайлы кеңінен ақпарат берді. Еркін сұхбат барысында түлектеріміз шетелде өмір сүру салтынан да хабардар етті. Біздің тараптан Гонконг қаласы жайлы, университет жайлы, ондағы білім беру барысы жайлы қызықтырған сауалдар қойылды. Әр сұраққа тұщымды жауаптар қайтарған студенттер Гонконгтың экономикасы қарқынды дамыған шаһар екендігін айта келіп, білім алып жатқан орталары жайлы да өз ойларымен бөлісті.
Естуімізше, «PolyU» Гонконг университетінде Азия мен еуропаның бірнеше мемлекеттерінен келіп оқитын шетелдіктердің саны өте көп көрінеді.  Соған байланысты әр студенттің өз қызығушылығына орай, түрлі үйірмелер тұрақты жұмыс істейтін болып шықты. Мәселен, біздің түлектер сабақтан тыс уақытта осы үйірмелерде өздерінің шығармашылығын дамытуға ден қояды екен.  Университет – өзінің әр студентінің жағдайын алдын-ала ұйымдастырып, барлық қолайлы жағдайды тудыруға тырысатындығы назарымызды ерекше аударды. Бір ғана мысал, студенттер жатақханасы талапқа сай, керекті технологиялармен қамтамасыз етілген.Сонымен қатар, шәкіртақы бір семестрге толықтай өтейді.  Дегенмен бізді аталған университетке түсу жолдары қатты қызықтырды. Осыған орай жерлес студенттер бізге қажетті ақыл-кеңестерін беріп, тәжірибелерімен бөлісті. Онлайн тілдесу әсерлі өткені соншалық болашақта кездесуіміз мүмкін қиындықтар мен кедергілерді жеңе білуге бағытталған алдын-алу жолдарын естіп, көкейге түйдік деген ойдамыз. Әңгілемесу соңы қос тараптың ізгі тілектеріне ұласып, табыс тілеумен қорытындыланды.

Жансая Қанағатова,
12 «В» сыныбы