Тарихқа толы кітапхана

Семей қаласы ертеден тарих пен мәдениеттің рухани орталығы ретінде танымал. Оған дәлел-қаламыздағы көне ғимараттар, тарихи, мәдени  орындар. Солардың біріне 135 жылдық тарихы бар қаладағы ең көне мекеме- Абай атындағы әмбебап кітапхана жатады. Біз, Назарбаев Зияткерлік мектебінің жатақханасында тұратын оқушылар туған қаламыздың тарихымен, оның ішінде кітапханамен танысу мақсатында  танымдық саяхатпен бірден өзінің тарихымен баурап алған Абай атындағы кітапханаға бардық. Ең бірінші байқағаным – кітапхана тек білім таратушы ғана емес, алдымен, келушілер үшін мәдениеттілік  пен этикеттің бастауы екен. Кітапханада байсалды, сабырлы атмосферада мүлде басқаша сезімдерге бөлендім. Айналаң   ішіне құпия сыр бүккен кітаптарға сіресіп тұрғанда,   дауысыңды қатты шығарып сөйлеудің өзі ерсі  көрінеді.  Мұнда біз кітапхана жұмысының жан-жақты қырларымен, әртүрлі бағыттағы бөлімдерімен, кітап көрмелерімен таныстық. Маған бәрінен де қатты әсер қалдырғаны  – «Сирек басылымдар қоры» болды. Ұлтымыздың мақтанышына айналған данышпан Абайдың осы кітапхананың алғашқы оқырмандарының бірі болып қана қоймай, тіпті ол оқыған кітаптардың әлі күнге осы қорда сақталуына таңғалмауға бола ма?! Көз алдыма ұлы бабамыздың осы ғимараттың ішінде жүргені елестегендей болды. Біз бәріміз  Абай атамыз өз қолымен ұстап оқыған кітаптарды қолымызға ұстап көргіміз келді. Алайда, кітапханашы апайлардың айтуынша, бұл кітаптар алдағы ұрпақтарға да қызмет жасауы үшін, келушілерге ұстауға тыйым салынған екен. Ол кітаптар латын графикасымен жазылғанын байқадым.  Құрбыларым «Егер осы жәдігерлер аукционға шығарылса, құны қанша болар еді?» деп сұрап жатты. Бірақ бұл кітаптардың құны ақшамен өлшенбейтінін түсіндім.  Сирек қорда сақталған төрт мыңнан аса кітаптардың ішінде өткен ғасырдың басында жарық көрген ұлт зиялыларының шығармалары да бар. Бұл да мен үшін тамаша жаңалық болды.
Біздерге ерекше демалыс сыйлаған тәрбиешілерге, кітапхана қызметкерлеріне айтар алғысым шексіз.  Ал құрбыларыма айтарым – кітапты, кітапхананы құрметтейік. Өркениет пен руханияттан құр қалмау үшін, онда жиі барып тұрайық!

Лаура Оралханова, 
8 «В» класс оқушысы